• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Ақпан, 2021

«Қан тапсыр да, адам өміріне араша түс!» акциясы өтті

416 рет
көрсетілді

Бүгін Достық үйіндегі мәжіліс залында «Қан тапсыр да, адам өміріне араша түс!» атты акция өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бүгін, елордадағы Достық үйінде «Қан тапсыр да, адам өміріне араша түс!» атты акция өткізіліп, оған Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, елорда тұрғындары мен жалпы еріктілер қатысты.

Акция ұйымдастырушысы-Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы.

Акция өткізудегі негізгі міндет-адамдардың өміріне араша болу үшін қоғамды ақысыз түрде қан доноры болуға шақыру. Әрбір азаматтың өз еркімен қан тапсыруының жүйелілігін қалыптастыру.

Бұл акция жыл сайын   дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Өткен жылы осы игілікті шара Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығымен бірлесіп өткізілген болатын. Атап өту керек, осы жолы да елордамыздағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері донор болуға белсенділік танытты.

Санитарлық-эпидемиологиялық қатаң талаптарды негізге  ала отырып, қан тапсыруға келген еріктілерге қатысты мәліметтер жіті тексеруден өткізілді. Ол бойынша адам туберкулезбен, вирустық гепатитпен, безгекпен, бруцеллезбен немесе ревматизммен ауырса, оның қаны қабылданбайды. Сондай-ақ жоғары немесе төмен артериялық қысымы бар, эпилепсиялық құрысулар мен өмірлік маңызды органдары ауыратын адамдар да қан тапсыра алмайды. Осындай талаптарды басшылыққа алған мамандар  әрбір азаматты жіті бақылаудан өткізіп, акцияның сәтті өткізілуіне үлестерін қосты.

Жалпы, қан тапсырып тұрудың адам ағзасына пайдасы мол. Қанды белсенді тапсыратын донорлар жүрек-қан тамырлары ауруымен сирек ауырады жəне қан кету – олар үшін қауіпті жағдай емес. Қан алынған сайын адам бойындағы қан жаңарып отырады, қан айналу процесі жақсарады. Бұл өз кезегінде көптеген аурулардың алдын алады. Мәселен, тұрақты қан тапсырып тұратын адамдар тапсырмайтындарға қарағанда 5 жылға артық өмір сүретіні ғылыми түрде дәлелденген. Ал бір рет қан тапсырған донор орта есеппен үш адамның өмірін құтқарады.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне жүгінсек, елімізде  жыл сайын 200 мыңнан артық адам қан тапсырады және олардың шамамен 18 мыңы қанды 3 реттен артық тапсырған. Нұр-Сұлтан қаласының өзінде  жыл сайын шамамен 40 донациялау жүзеге асырылады.  Сонымен бірге, елімізде жылына 360 мыңнан артық доза қан құйылады екен. Осындай ауқымды жұмыстардың тиісті дәрежеде орындалуына Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы  да өз үлесін қосуда.