Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында бас қаланы абаттандыру жұмысы қалай жүргізілетінін мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Биыл аумақтарды абаттандырып, қала тұрғындары мен қонақтары уақытын пайдалы өткізетін жаңа көпшілік орындар құру жұмыстарын жалғастырамыз. Мысалы, қала саябақтарын жасыл артерияға айналдыруды жоспарлап отырмыз: велосипед пен жаяу жүргіншілер жолдары жасалады.
Тұрғындар жаздың шуақты мезгілдерін ерекше жақсы көреді. Қалаға бір жағажай жеткіліксіз. Ақбұлақ өзенінің жағалауын абаттандыруды шештік. Қалада жаңа жағажай пайда болады.
Оқушылар сарайының жанында тағы бір скейт-саябақ ашылмақ.
Президенттік саябақта тақтай төселген жағалау жоспарлап отырмыз.
Кездесу кезінде спорт федерацияларының басшылары - саябақтарда спортшылар мен басқа да спортпен шұғылданатын адамдар киім ауыстырып, спорт жабдықтары мен заттарын сақтай алатын орын-жайлардың болмауы мәселесін көтеріп еді. Сондықтан Триатлон паркте спорт павильонын ашамыз. Онда киім ауыстыратын бөлмелер, жаттықтырушылар мектебі орналасады. Бұл жобаны қаланың басқа саябақтарына кеңейтетін боламыз. Парктерді мүмкіндігі шектеулі адамдардың мүдделерін ескере отырып дамытамыз.
Былтыр жаңа қоғамдық кеңістіктеріміз көпшіліктің көңілінен шықты. Мысалы, Көктал елді-мекенінде үлкен саябақ ашылды, Сарайшық көпірінің астында спорттық аймақтар пайда болды, қаланың жас тұрғындарының өтініші бойынша алғашқы скейт-аймақ ашылды. 76 гектардан астам жер абаттанды. Қаланың ескі бөлігі мен елді-мекендерге баса назар аударылды. Биыл да бұл жұмыс жалғасады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа қоғамдық кеңістіктер (саябақтар, скверлер, бульварлар) құру, аула аумақтарын абаттандыру - қала тұрғындарына спортпен айналысуға, салауатты өмір салтын насихаттау үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, қаланың барлық аудандарын көгалдандыруды жалғастырамыз. Елбасы атап өткендей, қаланың бас жоспары ғимараттардың, жасыл желектер мен орманның симбиозы ретінде жасалды - "үйлер мен ғимараттардың айналасында ағаштар отырғызылып, аумақ жасыл болуы керек, ғимараттың айналасында бос жерлердің болмауы шарт". Сіз де қаланы көгалдандыруға қатысып, өз үлесіңізді қоса аласыз!
Елорданы "Нұр-Сұлтан - жайлы қала" мастер-жоспары аясында дамытудамыз. Елордамызды бірлесіп дамыту және қаланы шынымен жайлы ету үшін BIRGE (BIRGE) сайты іске қосылды https://birge-elorda.kz/nur-sultan/). Осы платформада сіз әртүрлі бағыттар бойынша ұсыныстар мен өз көзқарасыңызды қалдыра аласыз. Платформаның жұмыс істеу процесі қарапайым: бірінші - идеяны ұсыну, екінші - іріктеу, үшінші - жобаны жүзеге асыру. Осы аптада 115-тен астам ұсыныс түсті! Қалада тұрғындардың ең жақсы ұсыныстарын жүзеге асырамыз!» - деп жазды елорда әкімі.