Аты аңызға айналған балуан Жақсылық Үшкемпіров бүгінгі Байзақ ауданының Дихан ауылында дүниеге келген. Шағын ауылдан шыққан спортшы осыдан қырық бір жыл бұрын Мәскеу Олимпиадасында топ жарып, қазақ атын әлемге әйгіледі.
Өткен жылы дүниеден өткен балуанның есімі мәңгі ел есінде. Қаршадай кезінен күреске өмірін арнаған даңқты тұлғаның рухын ұлықтау мақсатында туған жерінде бірқатар жұмыс атқарылуда.
Жуырда Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейінде Жақсылық Үшкемпіров атындағы бұрыш ашылды. Мұнда келушілер балуан өмірінің түрлі кезеңдерімен таныса алады. «Жаңадан ашылған арнайы бұрышқа әйгілі балуанның жеке заттары, фотосуреттері, кітаптары қойылған. Жәдігерлердің ішінде Жақсылық ағамыздың алғаш жарыстарға шыққан кезде киген ақшыл-сұр түсті костюм-шалбары да бар. Спортшының осы және өзге де тұтынған заттарын ерекше қызығушылықпен тамашалайтын музейге келуші көпшілік жастар батыр жолын жалғастырғысы келетінін айтады», дейді музейдің қор сақтаушысы Айдана Шотбасова.
Бүгінде балуан туған өңірде Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт мектебі бар. Аталған кешенде сан мыңдаған ұл-қыз спортпен шұғылданып, биік ареналарда еліміздің атын танытып жүр. Балуанның жолын жалғастырушы жастар үшін мұнда барлық мүмкіндік қарастырылған.
Жамбыл облысы