Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам АҚШ-тың Майами қаласында өзінің кезекті жекпе-жегін өткізіп, эквадорлық қарсыласын жетінші раундта нокаутқа жіберді.
Бірінші жартылай орта салмақта жұдырықтасатын қандасымыз әу баста 33 жастағы ганалық боксшы Ободай Саимен (35-3-1, 26 КО) жұдырықтасуы тиіс болған. Алайда жекпе-жекке бір күн қалғанда Ободайдың шаршы алаңға шықпайтыны белгілі болып, Қанат 27 жастағы эквадорлық боксшы Джейсон Миндамен (14-4-1, 8 КО) жекпе-жек өткізді.
Он раундқа есептелген жекпе-жек жетінші раундта аяқталды. Алдымен Қанат Ислам қарсыласын төртінші раундта бір рет нокдаунға жіберсе, жетінші раундта тағы да сол жағдай қайталанды. Тез ес жиып үлгерген Минда жекпе-жекті қайта жалғастыруға дайын екенін төрешіге ұқтырды. Бірақ көп ұзамай қазақстандық боксшы қарсыласын ауыр нокаутқа түсіріп, жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады.
Жерлесіміз 14 ай үзілістен кейін үлкен рингке қайта оралып, мансабындағы жарқын жеңісін қайта жалғады. Айта кетейік, Қанат Ислам ең кейінгі кездесуін 2019 жылы Алматыда өткізіп, WBO International титулы үшін айқаста намибиялық Уолтер Каутондокваны (18-2, 17 КО) жеңген еді.