Шымкентте карантин кезінде жұмыс істеген ойынхана анықталды, – деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Профилатикалық-рейдтік шараларды жүргізу барысында, карантинге қарамастан келушілерге қызмет көрсеткен компьютерлік ойынхана анықталды. Осы жылы 19 ақпан күні сағат 22:51 шамасында Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері Байтұрсынов көшесі бойында орналасқан компьютерлік ойынхананың жасырын жұмыс жасап тұрғанын анықтады. Осыған сәйкес карантин режимін және шектеу шараларын сақтамағаны үшін іс-құжаттар рәсімделді.
Анықталған құқық бұзушылық жайтына қатысты, нысан иесіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) бойынша жинақталған материалдар Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданған. Жалпы, тәртіп сақшылары тұрғындарға тұрақты түрде карантин талаптарын түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.