18-20 ақпан аралығында Алматы облысы Қаскелең қаласында киокушинкай-кан каратэден Қазақстан Республикасының кубогі өтті. Елордалық каратэшілер 9 алтын, 7 күміс, 12 қола жүлдемен жалпы қорытынды есепте бірінші орынды жеңіп алды, деп хабарлайды Egemen.kz әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Екінші орынды Батыс Қазақстан облысы иеленсе, үздік үштікті Атырау облысы қорытындылады.
Жарыста еліміздің он екі өңірінен, яғни Алматы, Ақмола, Жамбыл,Қызылорда, ШҚО, БҚО, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды облыстарынан, сол сияқты Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан 372 спортшы бақ сынады.
Сондай-ақ жарысқа Республикалық киокушинкай-кан каратэ федерациясының президенті Омархан Өксікбаев пен ҚР Спорт және Дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сапиев қатысып, жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін арнайы марапаттады.
Үш күнге созылған дода санитарлық талаптарға сай ұйымдастырылды. Киокушинкай-кан каратэден Нұр-Сұлтан қаласы құрамасының аға жаттықтырушысы Дастан Абжанов карантин спортшылардың жаттығуына әсерін тигізбей қоймағанын айтты.
«Жарыс жоғары дәрежеде өтті. Санитарлық нормалар қатаң түрде сақталды. Қатысушылар әр уақытқа бөлініп, жеке-жеке шығарылды. Шыны керек спортшыларға біраз қиындау болды. Карантиннен кейінгі алғашқы жарыс болғандықтан, дайындықтың жеткілікті болмағаны байқалды. Бұдан да жоғары нәтиже көрсетуге болатын еді, дегенмен бұл көрсеткіш те жаман емес», деді Дастан Дүйсенбайұлы.