• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Ақпан, 2021

Әлемге танытқан жаһандық бастамалар

1359 рет
көрсетілді

Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезде көпвекторлы саясатқа иек артатынын, жаһандық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты ту етіп ұстайтынын төрткүл дүниеге мәлімдеген еді.

Егемендік алғалы бергі 30 жыл ішінде «тоғызыншы территория» әлемдік аренада осы ұстанымына берік екенін сан рет дәлелдеді. Қазақстан көтерген бастамалар халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланып, қызу қолдауға ие болып келеді.

Қазақстанның жаһандық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша көтерген, сондай-ақ іске асырған бастамалары аз емес. Соның ішіндегі бірегейі әрі елеулісі, еліміздің жаһандық имиджіне тікелей әсер еткен оқиғаның бірі – Семей полигонын жауып, ядролық қарудан бас тартуы. Бұл бастама шартараптың түкпір-түкпірінде ядролық қарусыздануға қатысты маңызды шешім қабылдауға тікелей әсер етті.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстанның еншісіне өте мол ядролық арсенал мұраға қалды. Бұл – «қырғи-қабақ соғыс» кезінде бәсекелескен АҚШ-ты бейжай қалдырған жоқ. Тіпті халықаралық қоғамдастық та Одақ тарағаннан кейін жаңадан тәуелсіздігін алған елдерге күдікке толы күмәнмен қараған-ды. Бірақ Қазақстан ядролық арсеналынан түбегейлі бас тартты.

Бұл күтпеген қадам еді. Өйткені Қазақстанның оқтұмсықтары Батыстың бетке ұстар дипломаттарының ұйқысын қашырғаны белгілі. Түрлі себепті сылтауратып олар «тоғызыншы территорияға» жиі-жиі ат басын бұратын. Мәселен, 1991 жылғы 31 тамызда Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Маргарет Тэтчер сол кездегі астанамыз Алматыға келіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Келіссөздер барысында «Темір леди» ядролық қару туралы сұраған екен.

Елбасымен емен-жарқын әңгімелескен Тэтчер ханым кейінірек ағынан жарылып, «қазір жаһандық саясатта 5-6 ірі және ықпалды саясаткер бар. Солардың бірі – Нұрсұлтан Назарбаев. Мен оған сенемін және оның барлық бастамаларын қолдаймын», дегені есімізде.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылғы 29 тамызда Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Халықаралық ұйымдар Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуын бұрын-соңды тарихта болмаған тың және батыл бастама деп мойындады. 2009 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы Қазақстан тарапының ұсынысы негізінде осы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялады.

Еліміздің бұл қадамын шетелдік саясаткерлер жоғары бағалағаны мынадан байқалады. БҰҰ Бас хатшысы қызметін атқарған Пан Ги Мун бір сөзінде Елбасына былай деген еді: «Сіз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ядролық қарудан өз еркімен бас тарту туралы өте дұрыс әрі көреген шешім қабылдадыңыз, сондай-ақ Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақты құру бастамасын ілгерілетуге ықпал еттіңіз».

БҰҰ Бас хатшысы лауазымын атқарған Кофи Аннан да еліміздің бастамасын жоғары бағалады. «1991 жылы Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы және сынақ полигонын жабуы ядролық қарусыздандыру мен оны таратпау бойынша жаһандық талпыныстарға елеулі үлес қосты», деген еді ол.

Еліміздің сыртқы саясаттағы, әлемдік аренадағы келесі бағыты халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге арналған. Бұл міндетке Қазақстан елеулі үлес қосып келеді. Елбасының бастамасымен іске қосылған ұйымдар сөзіміздің дәлелі. Мәселен, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) құру және Шанхай ынтымақтастық ұйымын құруға Қазақстанның белсене қатысқанын айта кеткен жөн. Ал мұндай қадамның әлемдік аренадағы «тоғызыншы территория» беделін арттыратыны айтпаса да түсінікті.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы кейінгі кезде аймақтық деңгейде ғана емес, дүниежүзілік ауқымда серпінді түрде дамыған көп салалы, жетекші ынтымақтастық ұйымдардың біріне айналды. Қазіргі таңда ШЫҰ саяси дипломатиялық сипатына сәйкес, тұрақты түрде нығайып келеді.

Елбасы Н.Назарбаевтың маңызды жаһандық бастамасы ретінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құру ұсынысын атап өткен абзал. Бұл маңызды әрі дер кезінде жасалған қадам еді. Н.Назарбаев осы ұйымды құру туралы ұсынысын 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында көтерген-тұғын. Бастама Азия өңіріндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтың жаңа форматын қалыптастыруға соны серпін берді.

Уақыт АӨСШК процесінің өзектілігін көрсетті. Оның аясында саяси диалогты институттандыру және азиялық мемлекеттерді жаңа саяси жағдайға бейімдеу жүргізіледі. Қазақстан және АӨСШК процесін қолдаған мемлекеттер осындай тетік құрудың күрделілігін айқын түсінді. Елбасы атап өткендей, бүгінгі күні АӨСШК – тыңға түрен салған, түрлі жағдайға дайын бірегей форум.

Қазақстан өңірде жалпыазиялық ортақ қауіпсіздік құрылымын құру бойынша өзінің мақсатты жұмысын жүргізіп келеді. Тұңғыш Президенттің басшылығымен көптеген жұмыс атқарылды. Соның нәтижесінде, АӨСШК идеядан практикалық және нақты жұмыс істейтін құрылымға айналды.

Көршілес елдер интеграциялық құрылымдар ұйымдастырғанда ғана экономика өрістейтіні белгілі. Бұл өзара ықпалдастықты дамытып қана қоймай, елдің әлеуетін арттыруға зор үлес қосады. Мәселен, Еуропалық одақ секілді ұйымдар осы мақсатта құрылғаны белгілі. Кеңес Одағы тарағаннан кейін Елбасы Н.Назарбаев Еуразия құрлығын қамтитын алпауыт ұйым құру қажетін жете түсінді.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылғы 29 наурызда М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде тәуелсіз мемлекеттердің көпжақты тең құқылы ынтымақтастығы форматында еуразиялық интеграция идеясын жария етті.

Нұрсұлтан Назарбаев профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер алдында оқыған дәрісінде «Еуразиялық экономикалық одақ – құлаған Кеңес Одағын көксеу емес, бұл – Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің нақты ұстанымы. Саяси тәуелсіздік сақталады және оған ешкім қол сұқпайды», деген болатын.

Осылайша, қазіргі Еуразиялық экономикалық одақтың іргетасы қалана бастады. Бұл бағыттағы жұмысты жетілдіру үшін 2000 жылғы 10 қазанда елордада өткен саммитте Қазақстан, Беларусь, Ресей, Тәжікстан және Қырғызстан мемлекеттерінің басшылары Еуразиялық экономикалық қоғамдастық (ЕурАзЭҚ) құру жөніндегі келісімге қол қойған-тұғын. Аталған құжатта сауда-экономикалық ынтымақтастықты тығыз әрі тиімді жүргізудің тұжырымдамасы бекітілді.

2006 жылы Минскіде болған саммитте мемлекет басшылары ЕурАзЭҚ-тың базасында Біртұтас экономикалық кеңістік жобасының шеңберінде Кеден одағын құру туралы келісім жасады. Соған сәйкес, болашақ интеграцияның жол картасы қамтылып, Еуразиялық экономикалық комиссияның және 2012 жылдың 1 қаңтарынан жұмыс істей бастаған Еуразиялық экономикалық кеңістік негізі қаланды.

Қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық одақ 184 миллион тұрғыны бар алып аумақты қамтитын, өмірлік маңызы бар сауда-экономикалық дәлізге айналды. Ұйымға мүше-мемлекеттердің сыртқы сауда айналымы 750 млрд АҚШ долларынан асқан, кіріктірілген ішкі жалпы өнім бағасы 2 млрд долларды еңсерген.

Әлемде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің бірден-бір жолы – татулық пен өзара келісім орнату. Бұл бағыттағы Қазақстанның дінаралық және өркениетаралық диалог өрбітудегі маңызды бастамасы – 2003 жылдан бері шақырылып келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі. Өз жерінде түрлі этностар мен дін өкілдері бейбіт өмір сүріп жатқан Қазақстан Нұр-Сұлтанда бір үстелдің басында мұсылман, христиан, буддизм, иудаизм және басқа да діндердің қайраткерлерін жинап, өзекті халықаралық мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын талқылауға мүмкіндік жасады.

Бұдан бөлек, Қазақстанның жаһандық ұйымдарға төрелік етуі де Елбасы есімімен тығыз байланысты. Мысалы, 2010 жылғы ЕҚЫҰ саммитінің елордада өтуі де кәрі құрлықтағы бірқатар мәселенің шешімін тауып берді.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше ретінде енуі мен аталған ұйымға төрағалық етуі Қазақстанның жер-жаһанның қауіпсіздігі мен тұрақтылығына ерекше көңіл бөлетінін айғақтайды.

Сириядағы азаматтық соғыс жүз мыңдаған адамның өмірін жалмап, миллиондаған тұрғынды босқынға айналдырғаны туралы талай мәрте жазылып, биік-биік мінберлерде айтылды. Алайда елдегі шиеленіскен жағдайды саяси жолмен бейбіт шешуге ұмтылғандар санаулы. Осы орайда, Қазақстан Таяу Шығыстағы мемлекеттің тыныштығын сақтау мақсатында келіссөз алаңын ұсынғаны белгілі. Астана процесі ретінде танылған бұл жиынның тиімділігі бүгінде халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланды.

Сирия келіссөздерінің оңтайлы жүргізілуіне бейтарап Қазақстан алаңының тиімді болғанын кепілгер мемлекеттер – Түркия, Иран және Ресей елдері президенттерінің жылы лебіздерінен-ақ байқалады. Мәселен, Түркия басшысы Режеп Тайип Ердоған Ресей президентімен кездескен сәтінде: «Астана келіссөздері Сириядағы қантөгісті азайтуға зор үлес қосты. Сириядағы дағдарысты саяси жолмен реттеуге негіз пайда болды», дегені есімізде.

Кремль басшысы В.Путин Сириядағы дағдарысты шешу мақсатында Астана алаңын ұсынғаны үшін Қазақстанға және Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірді.

«Қазақстан жай ғана бас қосатын жер емес, ол өте қолайлы алаң. Қазақстанның бейтарап позициясы, қандай да бір шиеленістерге ешқашан араласпауы беделді бітімгер екенін көрсетеді. Нұрсұлтан Назарбаев барлық шиеленісуші және бітімге келісуші тараптарды келіссөз үстелінің басында ұстап қалу үшін белгілі бір жауапкершілікті өз мойнына алған кездер де болған. Сол үшін алғысымыз шексіз», деп Астана процесіне лайықты бағасын берді.

2010 жылдың желтоқсан айында Астанада өткен ЕҚЫҰ-ның саммиті бірегей саяси оқиғаға айналды. ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің басшылары 1999 жылғы Ыстанбұл саммитінен кейін 11 жыл өткен соң алғаш рет ұйымның күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауға және алдағы жылдарға арналған жұмыс бағыттарын айқындауға мүмкіндік алды. Елбасы Н.Назарбаевтың ұсынысы бойынша «Болашақтың энергиясы» деген тақырыпта елордада өткен EXPO – 2017 көрмесі энергияның экологиялық таза және жаңартылатын көздерін дамыту жөніндегі әлем ғалымдарының күш-жігерін біріктіруге күш салды.

Қорыта айтқанда, Қазақстанның жаһандық деңгейдегі бастамалары халықаралық қоғамдастық тарапынан қолдау тауып, әлемдік аренадағы абыройын асқақтатты. «Тоғызыншы территория» төрткүл дүние мойындаған мемлекетке айналып, тәуелсіздік тұғыры берік, керегесі кең, болашағы жарқын ел атанды.