Облыстық әкімдікте онлайн-режімде ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу мәселесі қарастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Облыстық ауыл шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Марат Шұғаевтың айтуына қарағанда, өңірімізде барлығы ауыл шаруашылығы өнімін өңдейтін 264 орын бар. Олар 2020 жылы 100 млрд теңгеге жуық өнім өндірген.
– Облыс жергілікті жерде шығарылатын азық-түлік өнімдерімен қамтылған, – дейді Марат Шұғаев.
Облыс тұтынатын көлемнен төрт есе артық мөлшерде макаронмен, ұнмен – 162%, жармалармен – 136%, нанмен – 124 процентке қамтылған. 2020 жылы барлығы 23,7 млн АҚШ доллары сомасына 51 мың тонна өнім экспортқа шығарылды. Өңірде картоп пен өзге де көкөніс өндірісі жылдан жылға артып келеді. Мәселен, былтыр 550 мың тонна картоп, 199 мың тонна сәбіз өнідірілді. Қажетті мөлшерден жеті және 11 есеге артық. Дегенмен, облыста өндірілмейтін азық-түлік өнімдерінің орнын басу үшін 2021 жылы бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылады. Солардың бірі – «Павлодар агрокешені» ЖШС қолға алатын рафинадталған май өндіру цехі. Қуаттылығы жылына 900 тонна. Оған қоса биыл Заря ауылында «ПАК GreenEcoProduct» ЖШС фирмасымен құны 2,5 млрд теңгеге картоп өңдеу зауыты салынбақ. Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов облысты азық-түлікпен толықтай тәуелсіз ету үшін ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу бағытында жоспарланған 2,5 – 3,5 млрд теңгенің жеткіліксіз қаражат екендігін атап өтті.
– Ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу негізгі мәселенің бірі болуы тиіс. Бұл ауылдардағы жаңа өндіріс, жұмыс орындары мен шағын және орта кәсіпкерлігі дамуының қайнар көзі. Сол себепті облыс көлемінде бұл салаға бөлінетін 3,5 млрд теңге тым аз. Осы мәселені қайта қарау керек, – дейді Әбілқайыр Сқақов.
Айта кетейік, 2021 жылы екі миллиард теңгеге ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдейтін 14 жаңа нысан пайдалануға беріледі.