• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 24 Ақпан, 2021

Джокович тағы да дара шықты

158 рет
көрсетілді

Әдетте қаңтардың ортасында басталып, ай соңында мәресіне жететін теннистен «Үлкен дулыға» санатындағы жылдың алғашқы жарысы – Australian Open биыл пандемияға байланысты өз уақытынан үш аптаға кеш басталды.

Мельбурндегі турнир карантин кезінде ұйымдастырылғандықтан, спортшыларға да, жарыстың басы-қасында жүргендерге де қатаң талап­тар қойылды. Мәселен, жыл басында өзге жарыстарға қатыс­қан 30-ға жуық теннисші Аус­тралия билігінің ережесі бойынша 14 күндік міндетті карантинге жат­қызылды. Ұйымдастырушы тарап спортшыларды карантин та­лаптарын қатаң сақтауға үгітте­генімен, дәл турнир басталатын кезде Мельбурндегі қонақүй кү­зет­шілерінің бірінен коронавирус анықталып, жарыстың өту-өт­пеуі мәселе ретінде қойыл­ды. Деген­мен Australian Open басшы­лары қандай жағдай болса да, бір адам 500 адамға әсе­рін тигізбеуі керек екенін, Аус­тралия ашық чемпионаты өз уақытында ұйымдастырылатынын айтып, жарысқа қатысушылар мен жанкүйерлерді сендірді.

 

Джоковичтің қарқыны қатты

Аустралия ашық чемпио­натының алты, «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстардың 20 дүркін жеңімпазы швейцариялық Роджер Федерер жарақатына бай­ланысты бұл жарыстан тыс қал­ған соң, жанкүйерлер биылғы фи­нал Надаль мен Джокович ара­сын­да өтеді деп болжаған болатын. Алайда «құмдауыт корттың королі» ширек финалда грекиялық Стефанос Циципасты екі сетте жеңіп тұрып, күтпеген жерде 7:6, 6:4, 7:5 есебімен жеңіліп қалды.

Ал Джокович болса, ширек финалда әлемнің жетінші ракеткасы германиялық Александр Зверевті төрт сетте 3:1 есебімен, жартылай финалда жарыстың дебютанты болса да, ерекше ойынымен мамандар мен жанкүйерлер көзіне түсе білген ресейлік Аслан Карацевті 3:0 нәтижесімен еш қиындықсыз жеңді. Финалда сербиялық спортшыны тағы бір ресейлік теннисші, әлемнің үшінші ракетасы – Даниил Медведев күтіп тұрған-ды. Бірақ Медведев те әлемнің бірінші ракеткасына еш қарсылық көрсете алмады. Рас, алғашқы сетте Джо­кович біраз қиындыққа тап болып, тек тайбрейкте 7:5 есебімен ғана басым түсті. Ал қалған екі сетте сербиялық теннисші аса қат­ты қинала қойған жоқ – 6:2, 6:2. Сөйтіп Новак Джокович қата­рынан үшінші рет, жалпы тоғы­зыншы мәрте Аустралия ашық чемпионатында бас жүлдені жеңіп, рекорд орнатты.

Бұл – Джоковичтің «Үл­кен дулыға» санатындағы жарыс­тар­дағы 18-ші жеңісі. Осылайша, ол 20 рет жеңіс тұғырына көтерілген Роджер Федерер мен Рафаэль Надальға бір табан жақындай түсті. Сонымен қатар Мельбурндегі финалда Джокович ірі жарыстардағы 101-ші жүлдесін олжалады. Кейін­гі жылдары ерекше талантымен көзге түсіп, мамандардың ыс­тық ықыласына бөленіп келе жатқан ресейлік теннисші Да­ниил Медведев болашақ әлем жұл­дызына балануда. Өткен мау­сымның қорытынды Masters бәсе­кесінде жеңіс тұғырына көте­рілген ол жартылай финалда Джо­ковичтен айласын асырып кеткен болатын. Қазіргі таңда Медведевтің еншісінде Masters санатындағы 9 турнирдің бас жүлдесі бар. 25 жастағы спортшы бүгінге дейін екі мәрте «Үлкен дулыға» санатындағы турнирдің финалында өнер көрсетіп үлгерді.

Дүние жүзін дүрліктірген пандемияның салдары өзге салалар секілді, спортты да айналып өткен жоқ. Сол себепті биылғы Australian Open додасының жүлде қоры былтырғымен салыстырғанда біршама азайған. Турнирде топ жарған Новак Джокович Норман Брукс атындағы кубок пен 2 113 375 доллар көлемінде сыйақы алды. Ол өткен жылы 4,12 млн доллар табысқа кенелген бола­тын. Ал финалист Даниил Мед­ведев 1,5 млн доллармен қанжығасын майлады.

 

Осака озып тұр

 Әйелдер арасындағы Australian Open 2021 жарысында Наоми Осака үздік атанды. 23 жастағы жапон қызы турнир барысында бекерге осы жарыстың фавориті саналмағанын дәлелдеді. Айтулы доданың бірінші кезеңінен бас­тап тек қана үздіктермен күш сынасқан Осака алдымен әлемнің 40-ракеткасы ресейлік Анастасия Павлюченкованы 6:1, 6:2, екінші кезеңде франциялық Каролин Гарсияны (46) 6:2, 6:3, үшінші айналымда Тунис өкілі Онс Жаберді (31) 6:3, 6:2 есебімен айқын жеңді. Ал 1/8 фи­налда осы турнирдің былтырғы финалисі испаниялық Гарбинье Мугурусадан үш сетте (4:6, 6:4, 7:5) айласын асырса, ширек финалда тайваньдық Шувэй Сені екі сетте (6:2, 6:2) қапы қалдырды. Жартылай финалда осы турнирдің төрт дүркін жеңімпазы, әйгілі америкалық теннисші Серена Уильямсты екі сетте (6:3, 6:4) тізе бүктірді. Осын­дай жарқын жеңісінен кейін әлем­дік теннис жанкүйерлері мен спорт мамандары жапон қызына қарата «Әйелдер теннисінің жаңа көшбасшысы», «Жаңа патшайым», «Жапон патшайымы» деген жылы сөздерін арнады.

Сөйтіп былтыр әлем­дік спортшылар ара­сында ең көп табыс тапқан (37,4 млн АҚШ дол­­лары) Осака Аус­тра­лия ашық чем­пио­натының фи­налында тағы бір АҚШ өкі­лі Джен­нифер Брэй­ди­мен бас жүлдені са­рапқа салды. Бір-біріне жақсы та­ныс теннисшілер былтырғы US Open жарысының жартылай фина­­лынан кейін тағы да кортта кез­десті. АҚШ ашық чемпионатында Брэйдиді қапы қалдырған Осака бұл жолы да аянып қалған жоқ. Екі сетке созылған финалдық матч жапониялық спортшының жеңісімен аяқталды. Есеп – 6:3, 6:4.

Осылайша, Наоми Осака «Үл­кен дулыға» санатындағы жа­рыстардың финалына төртінші мәрте шығып, соның барлығында жеңіс тұғырынан көрінді. Тағы бір айта кетерлігі, жапониялық спортшы – кейінгі бір жыл көлемінде жеңілістің не екенін білмей келе жатқан санаулы спортшылардың бірі. Ол былтыр 7 ақпанда Феде­рация кубогы аясындағы жарыс­та испаниялық Саре Соррибес-Тормоға есе жіберген болатын.

 

Үшінші айналым – соңғы меже

Кейінгі жылдары қазақ­стан­дық теннисшілер Мель­­бурн­дегі жа­рыс­та жиі бой көрсетіп жүрге­німен, жан­күйер­лердің көңі­лінен шы­ғатындай нәти­­жеге қол жеткізе алмауда. Бұған дейін жазғанымыздай, би­ыл­ғы Аус­­тралияның ашық бірін­шілі­гіне қатысқан алты бірдей спорт­шымыздың тек екеуі ғана үшінші айналымға жетсе, кейбірі бірінші кезеңде сүрінді. Жалпы, қазақстандық спортшылар үшін Australian Open турнирі үшінші кезеңнен кейін мәресіне жететін сияқты. Өйткені әр жылдары осы додада бақ сынаған Галина Воскобоева (2009, 2012), Ярослава Шведова (2015), Зарина Диас (2015, 2016, 2020, 2021), Юлия Путинцева (2016, 2020, 2021) және Елена Рыбакина (2020) үшінші айналымнан әріге бара алмай жүр. Жерлестеріміздің арасында ең үздік көрсеткіш Михаил Кукушкинге тиесілі. 2012 жылы ол төртінші айналымға дейін жеткен еді. Ал биыл екінші кезеңде сүрінді.