Тарих қойнауына еніп бара жатқан 2013 жылы елімізде айтулы оқиғалар, елге үлгі болатын мәдени іс-шаралар аз болған жоқ. Соның бірі – қазан айында Көкшетау қаласында дүркіреп өткен Абылай ханның 300 жылдық мерейтойы. Осы шараға Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ақмола облысы әкімдігінің арнайы шақыруымен қатысқан едім.
Тарих қойнауына еніп бара жатқан 2013 жылы елімізде айтулы оқиғалар, елге үлгі болатын мәдени іс-шаралар аз болған жоқ. Соның бірі – қазан айында Көкшетау қаласында дүркіреп өткен Абылай ханның 300 жылдық мерейтойы. Осы шараға Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ақмола облысы әкімдігінің арнайы шақыруымен қатысқан едім.
Көкше өңірінде елге үлгі, ұрпаққа ұлағат болатын халықаралық мәдени іс-шара өтті. Қазақ халқының ұлы тұлғасы, әйгілі ханы Абылайдың 300 жылдығы жоғары деңгейде өткенін айтар едім. Өзім Көкшетау қаласындағы мерекелік шаралардан үлкен әсер алдым.
Абылай ханның жас кезінен батыр болғаны, елін жауға қарсы бастап шығып, небір шайқастарда жауын жеңгені тарихтан белгілі. Кейін үш жүздің басын қосқан хан ретінде Қазақ елін бір тудың астына біріктіріп, біртұтас мемлекет құрғаны да жақсы мәлім.
«Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Абылай аңсаған азаттық» атты мақаласында Қазақстан Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев алмағайып сұрапыл заманда есеңгіреген елдің есін жиғызып, бір тудың астына біріктіре білген Абылайдың ерлігі мен ақыл-парасатын қатар жұмсаған сарабдал саясаткерлігінің арқасында қазақ халқын жойылып кетуден сақтап қалғанын атап өткен. Айбарлы Абылай аңсаған асқақ арманға, ұлы мұратқа қол жеткізген, бабалар аманатын жүзеге асырған бүгінгі ұрпақ атынан Мемлекет басшысы: «Болашағымыз баянды, тәуелсіздігіміз мәңгілік болуы үшін біз бабалардан қалған аманатты есімізден шығармай, үнемі електен өткізіп отыруға тиіспіз. Өйткені, біз Абылай бабамыз армандаған осы күнге оңайлықпен жеткеніміз жоқ», деді.
Бүгінгі таңда Қазақстан 130-дан астам ұлт пен ұлысы бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып жатқан тәуелсіз мемлекетке айналды. Елбасы айтқандай, Абылай ханның 300 жылдығы – жалпыұлттық ұлағатты той. Мұндай республикалық деңгейдегі кез келген мерекелік шара ұлтты ұйыстыруға, халықтар достығы мен мемлекеттік бірлігімізді нығайтуға қызмет ететіні сөзсіз.
«Абылай хан және оның тарихи дәуірі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға жиналған зиялы қауым Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин жеткізген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Абылай ханның 300 жылдығына арналған құттықтауын ерекше ықыласпен қабыл алды. Аталған конференцияда Қазақстанның, Ресейдің және бірқатар елдердің ғалымдары мен саясаткерлері сөз сөйлеп, Абылай ханның тарихтағы алатын орны, атқарған рөлі туралы ойларын ортаға салды.
Көкшетау маңындағы Қызылжар атшабарында өткен «Азат рухтың Абылай ханы» атты театрландырылған қойылымда еркіндікке жету жолындағы халықтың ұлы арманы, елді қорғау мақсатындағы ерлікке толы күрес жылдары, Абылай ханның ел басқарудағы стратегиялық ұстанымдары жарқын көрініс тапты.
Егемен елімізде тарихи әділеттілікті қайта орнату, ұлы тұлғаларға құрмет көрсету мақсатында айтулы шаралар өткізіліп келе жатыр. Өзім де бірнеше рет сондай тарихи оқиғалардың ортасында болдым. Осыдан бірнеше жыл бұрын көркем Бурабайдағы Көкшетау тауының етегіндегі Абылай хан алаңында ескерткіш белгі қою салтанатына қатыстым. Сонымен бірге, Көкшетау қаласының орталық алаңында Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Абылай хан ескерткішінің ашылуына куә болдым. Ерейментау қаласында Бөгенбай батырға орнатылған ескерткіштің ашылуына да өзім белсенді атсалысқан едім. Ол Абылай ханның қолбасшы батырларының бірегейі болған, қазіргі түсінік бойынша бірінші қорғаныс министрі деп айтсақ та жарасады. Сондай-ақ, «Казахстанский» аталып келген ауылға «Олжабай батыр» деген өзінің тарихи атауын қайтаруға атсалысқанымды абырой санаймын. Олжабай батыр да Абылайдың тұсында ерлігімен ел құрметіне бөленген тарихи тұлға. Ол дәл сол ауылда жерленгендіктен, ауыл Олжабай батыр аталған. Сол кезде де үлкен мәдени іс-шара өткізілді.
Осынау іс-шараның бәрінде де XVIII ғасырдағы азаттыққа деген ұмтылыс пен XXI ғасырдағы тәуелсіз еліміздің жетістігі өзара үйлесім тауып жатты.
Өткен кезеңнің тарихы тек оқып біле жүру үшін ғана емес, бәрімізге біртұтас ел ретінде алға басудың бағытын көрсететіндігімен де бағалы. Мемлекет басшысы өз мақаласында ел басқаруда Абылай ханнан көп үлгі алғанын жазады. Елбасымыз ата-бабаларымыз аңсаған азаттыққа қол жеткізді. Абылай ханның көрші елдермен жүргізген дипломатиялық қызметтері бүгінгі таңда жаңаша зерттелуде. Сол тұста іргесі қаланған көршілес Ресеймен, Қытаймен арадағы достық байланысымыз қазір нығая түсуде. Тәуелсіздік жылдары мемлекеттік шекараларымызды бекітіп алдық.
Қазір тек қазақтар ғана емес, өздерін қазақстандықпыз дейтін өзге ұлттардың өкілдері де Қазақ елінің тарихын тереңірек біле түсуге ынта білдіріп отыр. Абылай хандай ұлы тұлғамен қазақ жастары ғана емес, неміс, орыс және басқа да қазақ жерінде туған өзге ұлттың өкілдері де мақтанады. Әлеуметтанушылар өзге ұлттар арасында сауалдама жүргізген екен, сонда олардың 70-80 пайызы елдің болашағына үлкен сенім артатынын және қазақ халқының тарихына қызығушылықпен қарайтынын жеткізіпті.
Бүгінгі таңда көптеген қазақстандықтар қазақ халқының тарихын оқып, тілін үйреніп жатыр. Өйткені, туған жерінің және тұрған жерінің тарихын білмеу – әрбір азаматқа сын. Ең бастысы, ұлттар арасында бөліну жоқ. Бұл мені қуантады. Бүгінгі таңда қазақ халқының негізінде біртұтас Қазақстан халқы қалыптасуда. Біз одан ешқайда кете алмаймыз. Бұл – өте дұрыс құбылыс. Өз елінің тарихын, қазақтың салт-дәстүрін білу, өз елі үшін мақтана білу – Қазақстан азаматының парызы. Қазір Елбасы Қазақстан патриотизмін қалыптастыру мәселесін алға қойып отыр. Ендеше, елдің тарихын білу патриоттық тәрбиенің негізі деп ұғамын.
Егор КАППЕЛЬ,
Мәжіліс депутаты, Қазақстан халқы
Ассамблеясының мүшесі.