• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Ақпан, 2021

Қарағанды облысында құлағы үсіген ер адам ауруханаға түсті

1012 рет
көрсетілді

Қарағанды облысында болған боранда автокөлігі жолда бұзылып қалып, соны жөндеймін деп жүріп құлағын үсітіп алған ер адамның хикаясы кешеден бері әлеуметтік желілерде кеңінен таралған болатын. Бүгін аталған азамат Қарағандыдағы профессор Х.Мақажанов атындағы облыстық клиникаға жатқызылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұл туралы медициналық мекеменің басшысы Еркін-Дәуір Құрманғалиев тікелей эфирге шығып, хабарлады. Клиника директорының айтуынша, қазіргі уақытта дәрігерлер пациенттің үсіп кеткен құлақтарын қалпына келтірумен айналысып жатыр екен.

– Көптеген адамдар хабарласып, құлағын үсіткен жерлесіміздің хал-жағдайын сұрастыруда. Біз ол адамды кеше іздестіріп таптық. Бүгін ауруханаға жатқыздық. Құлақты қалпына келтіруге бола ма? Негізінен құлақ деген қанмен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілетін орган. Сондықтан жағдайды бақылайтын боламыз және әрі қарай емдейміз, әрине. Пациенттің өміріне төнген қандай да бір қауіпті көріп тұрған жоқпын, – деп мәлімдеді Е. Құрманғалиев.

Кешегі болған сұрапыл боранда Қарағанды облыстық ТЖ департаментінің құтқарушылары, №52859 әскери бөлімнің сарбаздары және апат медицинасы орталығының қызметкерлері жолда қалған 79 адамды қар құрсауынан құтқарды. Құтқарылғандардың арасында жеті бала бар.