Бүгінгі күні республика бойынша 10 қалада атмосфералық ауаның ластану индексі жоғары. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев экология мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңес алдындағы есептік кездесуде мәлім етті.
Жиын барысында 2020 жылғы қызмет қорытындылары мен орта мерзімді кезеңдегі негізгі міндеттер талқыланды.
«Қазақстанда атмосфераға зиянды заттарды көп шығарып отырған 8-10 Жылу электр орталығы бар және 4-5 ірі кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Барлық күш-жігерді соларға бағыттау керек. Осы бағытта кешенді шараларды айқындап та қойдық», - деді министр.
М.Мырзағалиев атап өткендей, Қазақстанда 2 млрд ағаш отырғызу, суармалы жерлердің көлемін ұлғайту шаралары қарастырылып жатыр.
Ел экологиясын дамыту, табиғатты және жануарлар дүниесін қорғау бойынша 2020 жылы министрлік үлкен жұмыстар іске асырылғаны жеткізілді. Десе де, қоғам өкілдерімен бірлесіп атқаратын жұмыстардың да жеткілікті екені тілге тиек етілді.
«Бүгінгі күні республика бойынша 10 қалада атмосфералық ауаның ластану индексі жоғары болып табылады. Ол – Алматы, Теміртау, Жезқазған, Өскемен, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Балқаш, Қарағанды, Атырау, Шымкент қалалары. Сондықтан, біз 2020 жылы Экологиялық кодексті жаңа редакцияда қабылдадық. 16 өңірде аймақтардағы экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі Жол карталары бекітілді, Жайық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру жөніндегі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының бағдарламасына қол қойылды», деп атап өтті министр.