Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай елордадағы қысқы Триатлон паркінде триатлоннан дәстүрлі «Супер спринт» қашықтығы бойынша кәсіпқойлар мен әуесқойлар арасында жеке жарыстың республикалық турнирі өтті. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, Нұр-Сұлтан қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткен додада еліміздің әр өңірінен келген 200-ге жуық спортшы бақ сынады.
Іс-шараның салтанатты ашылу рәсіміне Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев, Нұр-Сұлтан қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Ерғалиев және Нұр-Сұлтан қаласы триатлон федерациясының президенті Ержан Біржанов, «Тең мүмкіндіктер әлемі» қорының басшысы Нұргүл Ұлжекова қатысып, турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев əр Жолдауында барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығына ерекше ден қойып келеді. Бүгінгі таңда елімізде триатлон жақсы дамып отыр. Оның ішінде үш спорт түрін қатар алып жүрген белсенді азаматтар саны күн санап өсіп келеді. Қазіргі кезде елімізде триатлонмен айналысатын адамдар саны 100 мыңнан асты. Триатлон паркі осы спортпен айналысуды жақсы көретін қауым үшін арнайы салынды. Өңірлерде де осындай инфрақұрылым тұрғызылуда», деді Серік Сәпиев.
Нұр-Сұлтан қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Ерғалиев жарысты ұйымдастырудағы басты мақсат – спорт әуесқойлары мен салауатты өмір салтын ұстанушылар арасында триатлон, велоспорт, жеңіл атлетика және шаңғы спортын дамыту, салауатты өмір салтын насихаттап, бұқара халықты спортпен айналысуға шақыру екенін атап өтті.
Сарыарқаның сары аязына қарамастан, жарыс жолына шыққан 200-ге жуық қатысушы жүгіруден 2 шақырым, веложарыстан 3 шақырым, шаңғы жарысынан 2,5 шақырым қашықтықта бақ сынады. Қашықтықты белгіленген уақыттан кешіктірмей аяқтаған жеке жарыстың әрбір қатысушысы мәре сызығында естелік медальдармен марапатталды.
Биылғы жарыстың ең үлкен қатысушысы – 62 жастағы Байзақ Талапнұр ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. «Қысқы триатлон жарысы өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мен бұл жарысқа жылда қатысамын. Бүгін жүгіруден бастап, шаңғы бәсекесі бойынша жарыс жолын аяқтадым. Өте қуаныштымын. Барша жасты спортпен айналысуға шақырамын», деді Байзақ Сағындықұлы.
Жас санаттары бойынша I, II, III орын алған спортшылар күні кеше Нұр-Сұлтан қаласы Триатлон федерациясының кеңсесінде арнайы марапатталды. Айта кетейік, жарыстан түскен қаражат «Саламатты болашақ» – «Спорт баршаға» әлеуметтік жобасын қолдау үшін «Тең мүмкіндіктер әлемі» қайырымдылық қорына аударылатын болады.