Өскемендегі Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика спорт сарайында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған жабық кешендегі Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Қазақстанның барлық өңірлерінен келген 235 қатысушы үш күн бойы жарыс көрігін қыздырды.
Биылғы ел чемпионаты тосын жағдайларға, күтпеген жеңістерге және жаңа орнатылған рекордтарға толы болды. Мәселен, медаль жиынтығы бойынша бірнеше жылдан бері алдына жан салмай, жалпыкомандалық көрсеткіште бірінші орынды ешкімге бермей келе жатқан шығысқазақстандық спортшылар биыл биік белестен көріне алған жоқ. Есесіне қарағандылық жеңілатлеттердің қарқыны қатты болды. Үш күнде 10 алтын, 7 күміс және 8 қола жүлде жеңіп алған кеншілер қаласының спортшылары Кенді Алтай өкілдерін басып озды.
Сондай-ақ былтырғы чемпионатта 60 метрге кедергілер арқылы жүгіруде 30 жылға жуық уақыттан бері жаңармаған Андрей Гутовтың рекордын бұзған Давид Ефремов биыл тағы да рекорд орнатып, өзінің былтырғы нәтижесіне түзету енгізді. Өткен жылы аталған қашықтықты 7,67 секундта жүгіріп өткен Ефремов, биыл бұл межені 7,65 секундта бағындырды.
Өскемендегі жарыстың бағдарламасына аздаған өзгеріс енгізілгенін де байқадық. Ұйымдастырушылар биылғы жарысқа ардагерлер арасында 4х200 метрге аралас эстафеталық жүгіру сайысын қосқан екен. Бұл сында Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Алматы облыстарынан келген 3 құрама команда қатысты.
Ел біріншілігінің қорытындысы бойынша, ерлер арасында 60 және 200 метрге жүгіруде қарағандылық Виталий Земс, 400 метрге жарыста Азия чемпионатының қола жүлдегері Михаил Литвин (СҚО), 800 және 1 500 метрге жүгіруде шымкенттік Әбділәзіз Әбдіқауымов, 3000 метр қашықтықта жамбылдық Дмитрий Иванчуков топ жарса, қыздар арасында павлодарлық Ольга Сафронова (60 м), алматылық Виктория Ан (Зябкина) (200 м), жамбылдық Светлана Голендова (400 м), қостанайлық Екатерина Грицай (800 м), шығысқазақстандық Арина Гладышева (1500 м) және Алматы облысының өкілі Ақбаян Нұрмамет (3000 м) Қазақстан чемпионы атанды.
Ұпай көрсеткіші жалпыкомандалық есеп бойынша да бірінші орынды Қарағанды облысының құрамасы (24 547 ұпай) қанжығаларына байлады. Екінші орынды Шығыс Қазақстан облысы (23 132 ұпай) иеленсе, үздік үштікті Алматы қаласы (16 694) түйіндеді.