Алғыс айту күні Әулиеата өңірінде де өзіндік сән-салтанатымен аталып өтті. Айтулы мереке қарсаңында тараздықтар қала орталығындағы «Арбат-1» аллеясында орналасқан «Қазақ халқына мың алғыс» монументіне гүл шоқтарын қойды, деп жазады Egemen.kz.
Гүл қою рәсіміне өңірдің зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің басшылары мен белсенділері, Ассамблея жанындағы Аналар кеңесінің өкілдері мен жергілікті жастар қатысты. Аталған шараға Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та арнайы қатысып, көпшілікті құттықтады.
«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен бұл айтулы күн елімізде 2016 жылдан бері аталып өтуде. Бұл күн, ең алдымен – тыныштық пен үндестік, бейбітшілік пен келісімнің салтанат құрған күні. Расында, өткен тарихта тағдыр тауқыметімен Ұлы дала төсіне әр жылдарда бүтіндей бір халықтар, 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, 18 мыңнан астам Қиыр Шығыстағы корей отбасылары қоныс аударды. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бауырмалдықтың үлгісін көрсетті. Осылайша Тәуелсіз елімізде 130-дан аса ұлт өкілдері бір шаңырық астына топтасып, біртұтас Қазақстан бірегей артықшылықтарға ие болды. Азаматтар бүгін бір-біріне өкпе реніші болса кешіруі қажет. Бір-біріне деген ізгі тілектері мен лебіздерін, ақжарма алғыстарын білдіруі керек. Әрқайсымыздың жүрегімізде туған еліміз Қазақстанға деген мақтаныш пен ризашылық сезімі ұялай берсін! Әр отбасыға бақ-береке, елімізге бейбіт өмір және табыс тілеймін! – деді әкім. Сонымен қатар, мерекелік шарада «Тараз қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің» төрағасы Абдурахман Зайнутдинов пен Тараз қаласындағы №34 орта мектептің директоры, «Дүнген этномәдени бірлестігінің» мүшесі Динара Нуралиева сөз алып, егемен еліміздегі бейбітшілік пен татулық үшін алғыс білдірді.
Алғыс айту күніне арналған шарада этномәдени бірлестіктер өз тарапынан 10 шатыр тігіп, қолөнер және «Достық дастарханы» ұлттық тағамдар көрмесін ұйымдастырды. Көпшілік бір-бірін мерекесімен құттықтап, дастарханнан дәм татты. Ал, шарада «Қазақ» этномәдени бірлестігінің мүшелері «Қазақ осы» әнін шырқаса, «Өзбек» этномәдени бірлестігінің мүшелері көпшілікке ұлттық әндерін тарту етті. Сондай-ақ, бұл күні Тараз қаласының бірқатар көшелерінде тал егу акциясы бастау алып, аталған бастама өңір аудандарында да жалғасты.
Жамбыл облысы