Пандемиядан зардап шеккен секторларда жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін жаңа бөлшек салықтың арнаулы салық режимі енгізілді. Енді оларға айналымнан 3% мөлшерінде корпоративтік немесе жеке табыс салығын төлеу жеткілікті. Бұл шара Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде енгізіледі. Дегенмен бұл жобаның қолданылуы 2022 жылдың соңына дейін жалғасады.
ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлағандай, режим ерікті, ол ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері болып танылған және осы режимді қолдану мақсатында ҚР Үкіметінің қаулысымен анықталған қызметтің бір немесе бірнеше түрін жүзеге асыратын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін көзделген. Ол 2 жылға есептелген.
Салық салу объектісі жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен айқындалатын және шығыстары ескерілмейтін табыс болып табылады.
Режимді қолдану үшін салық салу объектісінен 3% мөлшерінде салықтық мөлшерлеме белгіленген. Салық жеке кәсіпкерлерден жеке табыс салығы түрінде (төлем көзінен ұсталатын салықтардан басқа), сол сияқты заңды тұлғалардан - корпоративтік табыс салығы түрінде түсетін болады.
Салық кезеңі– күнтізбелік тоқсан.
Бөлшек салықтың арнаулы салық режиміне өтуге ниет білдіргендер декларацияны салық төлеушінің орналасқан жері бойынша салық органына есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірмей табыс ететін болады. Олар әлеуметтік салық төлеушілер болып табылмайды.
Көрсетілген режимге өту үшін салық төлеушіге қолданылатын режим туралы хабарламаны (нысаны қоса жалғанды) салық органына табыс ету қажет. Ауысу қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама берілген айдан кейінгі айдың 1-күнінен бастап жүргізіледі.
Ағымдағы сәтте кәсіпкерлер хабарламаны Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында орналастырылған нысан бойынша, «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы және пошта арқылы немесе тікелей қағаз жеткізгіште салық төлеушінің орналасқан жері бойынша Мемлекеттік кірістер органдарына ұсына алады.
Бұдан әрі, ҚР Әділет министрлігімен хабарламалар нысандары келісілгеннен кейін, тиісті мерзімдерде бөлшек салықтың арнаулы салық режиміне өту туралы хабарлама ұсынған салық төлеушілерді ауыстыру қамтамасыз етілетін болады.
Сондай-ақ бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын тұлғалардың айналымы қосылған құн салығы бойынша есепке қою мақсаттары үшін белгіленген айналымдарға енгізілмейтін норма енгізілгеніне назар аударамыз.
Қосылған құн салығын төлеушілер болып табылатын және бөлшек салықтың арнаулы салық режиміне көшуді шешкен төлеушілер ҚҚС төлеуші ретінде тіркеу есебінен шығарылады. Ол үшін осындай режимді қолдануға дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей салықтық өтініш беру қажет.
Бұдан басқа, егер қызметтің бірнеше түрі, оның ішінде «Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану мақсаттары үшін қызмет түрлерін айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 2 ақпандағы №30 қаулысымен айқындалған тізбеге енбеген тұлғалармен жүзеге асырылса, онда мұндай жағдайда салық төлеуші бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдануға құқылы емес.
Бірыңғай жеңілдік мөлшерлемесімен және ҚҚС пен әлеуметтік салықтан босатумен бөлшек салық режимін енгізу пандемиядан зардап шеккен экономиканың секторларында жұмыс істейтін бизнес субъектілері үшін уақытша және қажетті қолдау шарасы болып табылады және оларға салық салуды айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік береді.