2021 жылы елдегі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша медициналық көмекке 1,8 трлн теңге бөлінбек.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Төрағасы Болат Төкежанов денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында медициналық сақтандыру қорының 2021 жылға жасаған жоспарларымен бөлісті. Биыл қор амбулаториялық-поликлиникалық және стационарды алмастыратын жәрдемге қолжетімділікті арттыру, ауылдық денсаулық сақтауға қолдау көрсету, дистанциялық медицинаны, скринингтік бағдарламаларды, медбике ісін, патронаждық қызметті дамытуды қолға алмақ. Бұл бастамалардың бәріне қаржы қарастырылған. Халыққа медициналық жәрдем көрсетуге 1,8 трлн теңге бөлініп отыр, оның ішінде ТМККК бойынша қызметтерге – 1,1 трлн теңге, МӘМС – 0,7 трлн теңге.
– Медициналық сақтандыру жүйесін іске асырудың бірінші жылы барлығымыз үшін үлкен сынаққа – коронавирус пандемиясына тап болды. Дегенмен, форс-мажорлық жағдайларға қарамастан, МӘМС іске асырудың бірінші жылының қорытындылары медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылғанын, осы төтенше кезеңде денсаулық сақтау саласы үшін қаржылық «қауіпсіздік жастығын» құрғанын және ең бастысы, медициналық көмек көлемін арттыру үшін жағдай жасағанын көрсетті. Эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруды ескере отырып, қор биыл белгіленген жоспарлар мен жаңа бастамаларды жүзеге асыруға ниетті, – деді Төкежанов.
Қор балаларға медициналық қызмет көрсету бойынша да қаржыландыруды жүзеге асырмақ. «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша жоғары технологиялы медициналық жәрдемді қаржыландыру 7 есе көбейту жоспарда бар. Соның арқасында 7 мың ерлі-зайыпты ата-ана атану мүмкіндігіне ие болмақ.
«Қамқорлық» бағдарламасы негізінде ерекше күтімді қажет ететін балаларды медициналық оңалту ісіне де қаржы беріледі.
Неонаталдық скринингтер жүргізу мен сәбилердің психофизикалық дамуын бағалауға, сондай-ақ мектептегі медицинаны дамытуға қосымша қаражат бөлінбек. Ауылдарда медициналық қызметтерге қолжетміділік арттырылмақ, бұл бағыт бойынша қаржыландыру көлемі 20 пайызға көбейеді деген жоспар бар.