Тасқыннан зардап шеккен Қызылағаш ауылының тұрғындарына көрсетілген қайырымдылық шараларынан жоғары оқу орындарының ұжымдары да сырт қалмай келеді. Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ұжымы бір күндік жалақыларын жинап, медициналық көмек көрсететін құралдармен жабдықталған “Жедел жәрдем” автокөлігін сатып алып, осындағы дәрігерлік амбулаторияға сыйға тартты.
Қызылағаш ауылына арнайы келген университет ректоры Айқан Ақанов бастаған, құрамында академиктер Төрегелді Шарманов, Камал Ормантаев бар делегация тұрғындарға басқа түскен ауыртпалыққа бекем болып, ел іргесінің беріктігі арқылы қиындықтарды еңсере алатындықтарын жеткізді.
Бүгінде елді мекенде 280 үйдің қабырғасы қаланса, 67 үйдің шатыры жабылып, ішкі әрлеу жұмыстары жалғасқан. Ақтоған мен Егінсу ауылдарында да құрылыс қарқын алды. Ақтоғанда 32 үйдің іргетасы, 11 үйдің кірпіші қаланса, 2-уі бітуге жақын. Егінсуда да 22 үйдегі құрылыс жұмыстарына 200-ден астам сәулет зергерлері тартылып, баспанасыз қалған тұрғындардың сұранысын орындауға күш салуда.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.
КӨМЕГІМІЗДІ ҰСЫНДЫҚ
Қызылағаштағы су тасқынынан болған апат ақжайықтықтардың да жанына батты. Халқымызда ежелден келе жатқан бір жақсы қасиет бар. Ол – өзгенің қайғысын өз қайғысындай көретін, қолұшын беріп, көмек көрсетуге әзір тұратыны. Оқиғаны естіген бойда-ақ аудан тұрғындары жұдырықтай жұмылды. Оған “Нұр Отан” ХДП аудандық филиалы мен мәслихат депутаттары ұйытқы болды. Соның нәтижесінде 3 миллион 85 мыңнан аса теңге жиналып, соны зардап шеккен бауырларға жібердік. Мұндай көмек қолын созу алдағы уақытта да жалғаса беретін болады.
Дәулетжан ЖАҚСЫБАЕВ, аудандық мәслихат хатшысы.
Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы.