Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті оқу орны тарихында елеулі із қалдырған, қазіргі ҚазҰУ қалашығын салуға тікелей ықпал еткен тұлға, техника ғылымдарының докторы, профессор Өмірбек Жолдасбековтің 90 жылдық мерейтойын атап өтті.
Алғыс айту мерекесімен тұспа-тұс келген айтулы шара Студенттер сарайы алдындағы Жолдасбеков ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етуден басталды.
– Ол еліміздегі жоғары білімнің дамуына үлкен еңбек сіңірді. Студенттер даярланатын ғылыми бағыт пен мамандықтар оның атымен тікелей байланысты. Оның басшылығымен лаборатория, кафедра, ғылыми орталықтар және Қазақстан ұлттық инженерлік академиясы құрылды. Тікелей басшылық етуімен еліміздегі студенттік шақтың символына, ғылым мен білімнің айнымас белгісіне айналған ҚазҰУ қалашығы бой көтерді, – деді құттықтау сөзінде университет ректоры Жансейіт Түймебаев.
Университет ректоры 90 жылдықтың тәуелсіздіктің 30 жылдығымен, еліміздегі Алғыс айту күнімен қатар келгенін де жақсы ырымға балайтынын айтты. Сенатор Бақытжан Жұмағұлов мерейтой иесінің ғылымға жасаған қамқорлығына баса назар аударды.
– Кезінде ғылымның барлығы Ұлттық ғылым академиясында орындалатын. Ал ЖОО-лар тек оқытумен айналысты. Ол кісі келе сала мықты жастарды таңдап, Мәскеу, Киев, Санкт-Петербург қалаларына жіберіп, тәрбиелеуге кірісті. Әр саланың ғылымын көтеруге бар күшін салды. Батыс Еуропада, АҚШ-та ғылымның бәрі университетте дамиды. Өмірбек Арсланұлы сол үрдісті алып келді. Қазір министрлік те университет қабырғасында ғылымды өркендетуге қатысты жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл да сол кезде салып кеткен Өмірбек ағамыздың жолы деп ойлаймын, – деді Б.Жұмағұлов.
Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов көрнекті ғалымның шәкірті болғанын мақтана баяндап, оның тұлғасына тоқталды.
– Талапкер кезімде ол кісінің алдында емтихан тапсырғанмын. Кейін 1-курста бізге жоғары математикадан дәріс оқыды. Өмекеңді студенттер өте жақсы көретін. Өйткені ол студенттерге әркез жылы көзқараспен қарайды. Жәрдем сұраған шәкіртіне аянбай көмегін береді. Қарапайымдылығы да оны жақындатып тұратын. Кейін Мәскеуде аспирантураны бітіріп келгеннен кейін ол кісінің қабылдауына кіріп, кезінде алдында емтихан тапсырғанымды, шәкірті болғанымды айтып, алғысымды жеткіздім. Соншалықты тығыз қарым-қатынаста болған жоқпыз. Мен Шымкент, Қарағанды қалаларында жұмыс істедім. Ол кісі Алматыда. Бірақ қайда жүрсек те ол кісіден білім алғанымызды мақтаныш еттік, – дейді ғалым.
Сондай-ақ жиын барысында ректор еліміздің ЖОО арасында өткізілетін роботқұрастырудан «ROBOKON-2021» чемпионатында бақ сынайтын механика кафедрасындағы MECHANICS командасына Өмірбек Жолдасбековтің 90 жылдық мерейтойына орай арнаулы стипендия тағайындалғанын да жариялады. Стипендия иелерін құттықтап, олардың еңбектеріне жеміс тіледі.
Өмірбек Жолдасбеков 1931 жылы қазіргі Түркістан облысында өмірге келген. Саналы ғұмырын ғылым мен білімнің өркен жаюына арнаған жан 1970-1986 жылдары ҚазҰУ ректоры болып қызмет етті.
АЛМАТЫ