2021 жылдың 24 ақпанынан бастап еліміз Түркістан қаласынан Ыстанбұлға халықаралық рейстерді ашты. «Air Astana» және SCAT әуе компаниялары бұл бағытта аптасына төрт рейс орындайды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тиісті шешімнің эпидемиялық жағдайдың өзгеруіне және Қазақстан Республикасының аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешіміне байланысты қабылданғанын айтады.
Аталған шешім аясында Өзбекстан, Қырғызстан және Украинаға да рейстер санын арттыруға рұқсат етілген. Алматы – Ташкент – Алматы бағытында аптасына 4-тен 8 рейске дейін ұлғайды (Air Astana мен Uzbekistan Airways 2 рейсі қосылады). Алматы – Бішкек – Алматы бағытында аптасына 3-тен 5 рейске дейін (Air Astana 2 рейсі қосылады). Сонымен қатар Алматы – Киев – Алматы бағытында аптасына 1-ден 2 рейске дейін (Air Astana 1 рейсі қосылады) артады.
Рейстер санитарлық-эпидемиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, әуе компанияларының сайттарында жарияланған кестеге сәйкес орындалады.