БІРЫҢҒАЙ ҰЛТТЫҚ ЖҮЙЕНІҢ КЕҢ ҚАДАМ БАСУЫ ҮШІН БАТЫЛ ҚИМЫЛ МЕН МЫҚТЫ ҰСТАНЫМ КЕРЕК, –ДЕЙДІ ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНАНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ ИРИНА ШТЕЙГЕРВАЛЬД
Облыстық аурухана бас дәрігерінің есігін егде кісі қақты. Қызының жарақаты өте ауыр, Федоров ауданынан келіп тұр. Онда да аудандық аурухана, ауылда фельдшерлік-акушерлік пункт бар. Ирина Анатольевна Штейгервальд бастаған дәрігерлер адам өмірі үшін жанталаса ұмтылды. Қатты жарақат онсыз да денсаулығы нашар қызды әлсіретіп жіберген. Түбірлі медициналық тексеру, қорытындылар жасау керек.
– Аудандарда жетіспейтін лор-дәрігердің, кардиологтың көмегі қажет. Сондықтан науқасты облыстық ауруханаға орналастырдық. Енді сапалы емдеу біздің дәрігерлердің еншісінде, лажынша қысқа мерзімде емдеп, ауру біршама айыққаннан кейін жалпы ағзасын нығайтатын дәрі-дәрмектер алатын кезде науқасты күндізгі стационарлық ем қабылдауға шығарамыз, – дейді бас дәрігер Ирина Штейгервальд. Облыстық ауруханадағы бөлімшелердің барлығында да емделіп жатқан науқас жандарға дәрігерлер осы тұрғыдан шешім қабылдайды.
Оның жұмыс кабинетіндегі үстелдің үстінде 2009 жылы Астанадан шыққан аурулар тізімі журналы жатыр. Онда бірыңғай ұлттық жүйе бойынша қандай ауруға стационарлық, қандай ауруға күндізгі стационарлық немесе амбулаториялық ем ұсыну қажеттілігі тайға таңба басқандай жазылған.
Денсаулық сақтау саласындағы бірыңғай ұлттық жүйе енгізілгелі бұл аурулар тізімі әр дәрігердің үстелінің үстінде жатады екен.
– Халықта “көз қорқақ, қол батыр” деген сөз бар. Жылдың басында бірыңғай ұлттық жүйе енгізіледі дегенде басқа түгел дәрігерлердің өздері де аңтарылып қалған едік. Әр адам дәрігерді өзі таңдайды дегенді түсінбедік. Дәрігерлер жетіспей жатқанда қандай таңдау болады дедік. Жаңа жүйе науқастың мүддесі тұрғысынан жүргізіледі. Мұның мәнісі былай, ауру адам стационарлық ем алу керек кезінде ол қайсы ауруханаға жатып, қай дәрігерге емделу керектігін өзі шешеді. Оған дейін бұрынғы жүйе сақталады. Адам аяқ астынан ауырып қалса мен ана дәрігерге қаралғым келеді деп, бірден ауруханаға жетіп келмейді ғой. Қазір істі бастап кеткен біз бұл жүйенің мемлекет бөлген қаржының орынды жұмсалуына, дәрігерлердің сапа үшін жұмыс істеуіне ықпал ететін тегершік екенін көріп отырмыз, – дейді Ирина Анатольевна.
Бірыңғай ұлттық жүйені бастаған облыстағы стационарлық емдеу мекемелерінде жылдың алғашқы тоқсанының өзінде біршама нәтиже көрінді. Өткен жылдың осы мерзімінде барлығы 36 мың ауру стационарлық ем қабылдаса, биыл жыл басынан бергі үш айда олардың саны 31 мыңға төмендеген. Оның керісінше стационарды алмастыратын ем қабылдағандардың саны өткен жылдың алғашқы тоқсанында 1900 адам болса, биыл жыл басынан бері олардың саны 9 мыңға жетті. Аурулардың тек облыстық ауруханада ем қабылдау ұзақтығы өткен жылғы 12 күн-төсек болса, биыл ол 11 күн-төсекке түскен. Бұл бас дәрігердің айтуынша ауруларды ауруханадан “қуу” емес. Қайта ем сапасының жақсарғаны болып табылады. Әрі адамдар да аурухана төсегінде таңылмай, өзіне өзі келген кезде амбулаторлық немесе күндізгі стационарда емін жалғастыруына мүмкін екенін түсінді. Бұл науқастың тәуір болып, ауруынан айығуына үмітін арттырады, сонымен қатар, дәрігердің де жұмыс ауқымын жеңілдетеді.
– Жылдың алғашқы апталарында жұмыстың техникалық сипаты басым, өте қауырт болды, – дейді Ирина Анатольевна. – Өйткені жаңа жүйе бойынша құжаттар толтыру уақыт алды. Сонымен қатар, аға буын өкілдері, үлкен кісілерге жаңа жүйенің ережелері мен шарттарын түсіндіріп бақтық. Мысалы, үлкен кісілердің көпшілігінің жүрегі ауырады. Мәселен, бір кісі келді делік. Оны тексерудің медициналық қорытындысын қарай келгенде ауруханаға жатқызудың қажеті жоқ. Журналдағы тізім бойынша да жүрек ауруының әлгі кісі зардап шегетін түрі стационарлық емдеуді керек етпейді. Осыны түсіндіргенде бізге келген қария ауруханаға алмады, маған көңіл бөлмеді деп байбалам салады. Мұны біз оған түсіндіруден жалықпадық, оны күндізгі стационарға жібердік немесе ол кісінің күнделікті келуі қиындыққа соққанда жергілікті жерлердегі емхана дәрігерлері қызмет көрсетті.
Облыстағы емдеу мекемелерінің барлығы да жаңа жылға дейін бірыңғай ұлттық жүйеде жұмыс істеуге дайындық барысында аккредитациядан өтті. Денсаулық сақтау саласының материалдық базасын нығайту, жөндеу жұмыстарының уақтылы және тиянақты жүргізілуі де осы мемлекеттік бағдарламаға дайындықты күшейте түскен болатын.
Жақында облыстағы емдеу мекемелерінде дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі туралы әңгіме болды. Дәрі-дәрмек түрлерін республика бойынша жалғыз қамтамасыз етуші СҚ “Фармацияның” үлгермей отырғаны да белгілі жәйт. Облыстағы емдеу мекемелері бұрынғы жасап алған қорларының арқасында әзірге тапшылықты сезініп отырған жоқ. Дегенмен дәрінің тапшылығы сезіле қалған күнде адамдар мұны бірыңғай ұлттық жүйенің кемшілігі деп түсініп қалуы мүмкін. Дәрігерлер оны жаңа жүйе кемшілігі деуге қимайды, уақытша қиындық санайды.
– Өзіміз сұраныс берген дәрілердің 70 пайызына жуығын алғанбыз. Қазір дәрі жөнінен де соншылақты “дағдарыс” бола қалатын жағдай жоқ. Жүйе енді енгізіліп жатқандықтан, оның қадамының жүріп кетуі үшін емдеу мекемелері басшылары, дәрігерлер тығырықтан жол тауып, іздене білуі керек. Қармансаң қарап қалмайсың. Мысалы, мен бас дәрігер ретінде өзімізде жоқ дәріні басқа емдеу мекемелерінен сұрастырамын. Оларда бар болса уақытша қарызға аламын да өзімізге түскенде қайтып беремін. Менен де дәрі сұрап өзге облыстардан телефон шалған әріптестерім болды. Уақытша қиындықты “Самарқанды су алды” деп желеулетпеу керек. Игілікті іс қандай қиындық болса да өміршеңдігін көрсетеді. Көш жүре түзеледі, – дейді облыстық аурухананың бас дәрігері.
Емдеу сапасын көтеруді басты бағыт етіп ұстаған денсаулық сақтау саласындағы бірыңғай ұлттық жүйенің келешегі мықты материалдық база бар жерде ғана болмақ. Облыста аудандық ауруханалардың басым көпшілігі жөндеуден өткізілді. Емдеу мекемелеріне ұзақ уақыт жөндеу жұмыстары жүргізілмеген болатын. Сондықтан осы салада атқарылған іс өте ауқымды. Қазір ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункттердің өзі уақыт талабына сай сапалы жөнделді. Онда ауыл адамдарына амбулаторлық ем жасауға және денсаулығын сақтау үшін профилактикалық жұмыстар жүргізуге толық мүмкіндік бар. Ауылдағылар бұрынғыдай емдеу мекемесінің аузында ілулі тұратын қара құлыпты ұмытты. “Жол картасы” шеңберінде жөнделіп жатқан облыстық онкологиялық диспансердің, Рудный қаласындағы емхананың және Әулиекөл аудандық ауруханасының жөндеу жұмыстары биыл аяқталады. Сонымен қатар, Қостанай қаласындағы облыстық аурухананың емдеу корпусының, облыстық қан құю орталығының, Рудный қаласындағы балалар ауруханасының жалғасып жатқан құрылысы да жыл аяғына қарай аяқталып, нысандар пайдалануға берілмек.
Облыстық денсаулық сақтау саласы басшыларының айтуынша, үстіміздегі жылдың алғашқы екі тоқсанында жаңа медициналық құрал-жабдықтар алынады. Облыстық аурухананың өзінде бірнеше ғылым кандидаттары, доктор қызмет істейді. Күрделі операцияларды жергілікті жерде жасау үшін бұл аурухана ғылыми ізденістер орталығына айналып отыр.
Мемлекет бөлген қаржы да жеткілікті. Тек соның тиімді игерілуіне атсалысуға деген талпыныс бар. Әр теңге орнына жұмсалғанда ғана сапа көрсеткіші де жақсара түсетіні әлімсақтан белгілі. Ал бірыңғай ұлттық жүйенің темірқазық етіп ұстанған бағыты – тек сапа.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
ҚОСТАНАЙ.
АТЫРАУДА ДӘРІГЕР ЖЕТІСПЕЙДІ
Жыл сайын өңір медицинасына қаржылай қолдау жасалынып келеді. Дәрігерлердің баспана мәселесі де оң шешімін табуда. Ауруханалар мен емханалар осы заманғы медициналық жабдықтармен қамтылуда. Қазір облыстың медицина саласында 1250 дәрігер жұмыс жасайды. Бұлардың қатары былтыр жоғары оқу орнын бітірген 20 дәрігермен толығыпты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Меңдіхан Өтепқалиевтың айтуынша, оның үшеуі өз еріктерімен Атырауда жұмыс істеуге ниет етіпті. Ал 17 жас маман арнайы жолдамамен келген екен. Бұлардың ішінде 4 маман Қызылқоға, Құрманғазы, Махамбет және Мақат аудандарында жұмыс жасауда.
– Біздегі басты проблема – дәрігерлердің жетіспеушілігі. Қазір 340 дәрігердің орны бос тұр, – деді басқарма бастығы М.Өтепқалиев газет тілшісімен әңгімесінде. – Әсіресе, ауылдық жерлерде фтизиатр, нарколог, психиатор, акушер-гинеколог жетіспейді. Осыған орай аудандық, қалалық емдеу орындарының бас дәрігерлері М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік академиясында жас мамандармен, оқу орнының басшыларымен кездесуде. Мақсат – жастарды өңірде жұмыс істеуге шақыру.
Мамандардың жетіспеушілігінен кейде дәрігерлерге өзіне қатысты емес ауру түрлерін емдеу жүктелетіні жасырын емес. Басқа амал жоқ. Бұл алыстағы ауылдарда жиі кездеседі. Ал облыс орталығының өзінде білікті дәрігерлер жоғары жалақы төлейтін “Интертич”, “Медикер”, “Доктор плюс” секілді жеке клиникаларға ауысып кететін жайттар аз емес. Себебі, бұл клиникаларда мұнай компанияларына медициналық қызмет көрсететіндіктен, жалақы көп мөлшерде төленеді. Басқарма бастығының айтуынша, әлі де дәрігерлер алатын жалақы көңілдегідей емес. Мәселен, ауруханалардың бас дәрігерлері 35000-50000 теңге аралығындағы жалақымен күн көруге мәжбүр. Жалақының төмендігі дәрігерлерді кейде ауруханаға емделуге келген қаржылы адамдардың қалтасынан дәметуге итермелеуі мүмкін екендігін жоққа шығаруға болмайды. Мұны болдырмаудың қандай жолы бар?
– Алдымен, медицина саласында жұмыс жасайтындардың көзқарасы өзгеруі қажет, – дейді М. Өтепқалиев. – Себебі, заман өзгерді. Талап өзгерді. Бұрынғы әдіспен жұмыс жасауға болмайды. Қазір салаға мемлекеттің қаржылық қолдауы жақсарды. Маман дайындалып жатыр. Жаңа жабдықтар алынып жатыр. Соған орай дәрігерлердің, медбикелердің жауапкершілігі арттырылуы қажет. Елбасының талабы осындай. Бұл биылғы Жолдауда да нақтыланып, дәрігерлерге әсіресе, ана мен бала өмірін сақтауға баса мән берілуі қажеттігі міндеттелді. Осыған орай айтар болсам, былтырғы жылы бірінші тоқсанда 2 ана өлімі болып, 64 бала шетінеген екен. Биылғы бірінші тоқсанда ана өліміне жол берілмеді. Өкінішке орай, 59 баланың шетінегенін жасыра алмаймыз. Сонымен қатар, өңірде туберкулезге шалдығу 6,7 пайызға азайды дегенімізбен, бұл сырқаттың әлі де жоғары деңгейде қалып отырғаны рас.
Мамандардың айтуынша, өңірде бұл сырқатты бірден түпкілікті жою мүмкін емес. Дегенмен, алдағы 10 жылда 20 пайызға дейін азайтудың мүмкіндігі бар. Ол үшін фтизиатор-дәрігерлермен қамту мәселесі толық шешілуі тиіс. Осы мақсатпен Алматы, Астана, Ақтөбе қалаларындағы медициналық оқу орындарымен келісілген жоспарға сәйкес жылма-жыл Атырауға жас мамандар келмек. Қазір өңір медицинасы фтизиатор-дәрігерлермен 68 пайызға ғана қамтылып отыр. Жалпы өңірдегі ең көп кездесетін сырқаттар жеткілікті. Соның ішіндегі жастар жиі шалдығатын жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу үшін арнайы кардиология орталығы ашылды. Қазір осы орталыққа Астанадан білікті хирургті шақыру, оның баспана мәселесін шешу қарастырылуда. Сөйтіп, Алматы, Астана, тіпті Ресей қалаларына емделу үшін сарсылатын жұрт енді Атыраудың өзінде емделетін болды.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.
Атырау облысы.