• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Наурыз, 2021

Қазақстандықтар қолма-қол ақшамен есептесуді күрт азайтты

174 рет
көрсетілді

Отандық нарықта төлем карталарын қолдану белсенділігі артты. 2020 жылы ел тұрғындары жалпы сомасы 52 трлн теңгеге 3,2 млрд операция жүргізген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 1,7 есе жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлттық банктің хабарлауынша, төлем карталарымен жасалған он транзакцияның тоғызы қолма-қол ақшасыз жасалған. 2020 жылы қазақстандық эмитенттердің төлем карталарын қолдана отырып, 35,3 трлн теңгенің 2,9 миллиард қолма-қол ақшасыз операциясы жүзеге асырылған. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен, сәйкесінше, 2,4 және 2,5 есе асып түседі.

Пандемия қолма-қол транзакциялардың азайып, онлайн-дүкендердің күрт көбеюіне алып келді. Елдегі қолма-қол есептесу көлемінің кенеттен азайып кетуі де осыны дәлелдей түседі. Қолма-қол ақшамен есептесеу былтыр 21 пайызға азайған (297 млн операция). Төлем картасын қолданушылар 16,6 трлн теңгені қолма-қол ақшаға айналдырыпты.

Осы жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша 49,3 миллион төлем картасы айналымда болды, 26,5 миллион картаны (53,8 пайыз) ұстаушылар белсенді пайдаланады. Төлем карталары арқылы тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу инфрақұрылымы да кеңейіп келеді. Төлем карталарын қабылдайтын кәсіпкерлер саны артты. Карта арқылы төлем қабылдайтын кәсіпкерлер саны – 108 мыңнан, ал сауда нүктелері – 169 мыңнан асыпты. Қазақстанда барлығы 203 мың POS-терминал жұмыс істейді.

2019 жылмен салыстырғанда, карта арқылы төлем қабылдайтын бөлшек сауда орындары (26 пайызға) мен POS-терминалдардың (26 пайызға) көбейгені байқалады. 2020 жылдың соңына қарай POS-терминалдардың 86 пайызы контактсыз төлем функциясын қолданған.