Шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионатының шешуші раундына қатысатын сегіз команда анықталды.
Плей-офф кезеңінің соңғы жолдамасын «Алматы» хоккей клубы жеңіп алды. Ел чемпионатының кезекті тур ойынын өз айдынында өткізген алматылық ұжым мерзімінен бұрын ел чемпионы атанған Өскеменнің «Торпедосынан» басым түсіп (2:1), соңғы жолдамаға иелік етті. Қазіргі таңда Владимир Князев басшылығындағы команданың еншісінде 43 матчтан кейін 62 ұпай бар. Егер чемпионат соңына дейін Рудныйдың «Горняк» клубы барлық ойында жеңіске жететін болса, «Алматымен» ұпай санын теңестіруі де мүмкін. Алайда қосымша көрсеткіш бойынша «Алматы» турнир кестесінде бәрібір «Горняктан» жоғары тұрады.
Осылайша Қазақстан чемпионатының плей-офф кезеңінде «Алматы» мен «Торпедодан» бөлек, «Теміртау», «Сарыарқа», «Номад», «Бейбарыс», «Арлан» және «Құлагер» командалары ойнайтын болды.