Кәсіпқой бокста өнер көрсетіп жүрген бірқатар қазақстандық боксшы шаршы алаңдағы жарқын жеңісінен кейін Дүниежүзілік бокс қауымдастығының (WBA) жаңартылған рейтингінде өз орындарын жақсартып алды.
Мәселен, жуырда ғана Мексика жерінде кезекті жекпе-жегінде жеңіске жеткен бірінші орта салмақтағы қандасымыз Садриддин Ахмедов WBA тұжырымының наурыз айындағы рейтингінде үздік 15 боксшының қатарына кіріп, 15-орынды иеленді. Рейтингінің көшін Өзбекстан өкілі Исраил Мадримов (6-0, 5 КО) бастап тұрса, америкалық Джермелл Чарло (34-1, 18 КО) WBA титулының «супер чемпионы» саналады.
Сондай-ақ ауыр салмақтағы жерлесіміз Жан Кособуцкий де аталған тұжырым бойынша әлемдік рейтингте ТОП-15 боксшының қатарынан орын алды. Жаңарған рейтингте ол 14-орынға жайғасқан. Бұл салмақтағы WBA Super чемпиондық белбеуі британиялық Энтони Джошуаға (24-1, 22 КО) тиесілі.