• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Наурыз, 2021

Ералы Тоғжанов волонтерлік ұйымдарға қандай қолдау көрсетілетінін айтты

164 рет
көрсетілді

Волонтерлерді қоғамдық пайдалы жұмысқа тарту технологияларын қамтитын нұсқаулықтар әзірленді. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына орай ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабында айтылған, деп хабарлайды Egemen.kz

«Бүгінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Ұлттық волонтерлер желісі» Заңды тұлғалар бірлестігімен бірге волонтерлерді қоғамдық пайдалы жұмысқа тарту технологияларын қамтитын нұсқаулықтар мен әдістемелік құралдар әзірледі. Аталған нұсқаулықтар барлық өңірлерге жолданып, өңірлік фронт-офистерге пайдалану үшін таратылды. Сондай-ақ бірыңғай qazvolunteer.kz платформасында орналастырылды. Бүгінде платформада 47 мыңға жуық волонтер, 3 200-ден астам волонтерлік ұйым ресми түрде тіркеліп, 1 000-нан астам жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік алып отыр», деді Ералы Тоғжанов.

Бұдан бөлек, вице-премьердің айтуынша, әзірленіп жатқан Волонтерлікті дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасында төтенше жағдай кезінде және әлеуметтік бағыттағы жұмыстарға халықты ерікті қызметке жұмылдыру мақсатында SMS хабарлама тарату жүйесін енгізу, Telegram желісінде арнайы бот-канал ашу мәселелері қарастырылған.

«Қолданыстағы «Волонтерлік қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабының 6-тармағына сәйкес, волонтер волонтерлік қызметті ұйымдастырушыдан және волонтерлік ұйымнан ұсыным хаттар алуға құқылы. Әзірленіп жатқан заң жобасы (волонтерлік қызмет пен қайырымдылықты қолдау тетіктерін жетілдіруге бағытталған заң жобасы) аясында осы норманың мазмұнын волонтерлік ұйымның волонтерге ұсыным хат беру міндетімен толықтыру көзделіп отыр. Сонымен қатар Жол картасы аясында волонтерлік ұйымдар бастамаларын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және мемлекеттік гранттар негізінде жүйелі қолдау, бизнес өкілдері мен жеке тұлғалардың волонтерлік жобаларға қатысуын ынталандыру, осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жоспарланып отыр. Жалпы жүргізіліп жатқан жұмыстар еліміздегі волонтерлік қозғалыстың дамуына оң ықпалын тигізетін болады», деді Үкімет басшысының орынбасары.