• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Наурыз, 2021

Торғайда бір апта жоғалған жылқышы атының арқасында аман қалды

1166 рет
көрсетілді

Қостанай облысында соққан соңғы боранда жоғалып кетіп, бір аптадан кейін Қарағанды облысының шекарасынан табылған 49 жастағы жылқышы Амангелді Тұржанов еді, деп хабарлайды Egemen.kz

Айдалада ажал аждаһасындай құтырған дүлей боранда жанға пана боларлық ық таппай өмір мен өлімнің арасында жанталасқан жансебіл жылқышы: «Астымдағы атым болмаса, мені ешкім таба алмас еді», дейді.

20 ақпандағы боранды күні ауған табын жылқының соңынан шыққан жылқышының өзі де із-түзсіз жоғалып кетті. Алты күнге созылған іздеу шаралары еш нәтиже бермеді. Ақыры астанадан көмекке жеткен тікұшақ астына тоқым төсеп, үстіне қар жамылған Амангелдіні 27 ақпан күні ғана  тапты. Қасындағы аты болмағанда қар астында жатқан жылқышыны тікұшақтың әуеден байқай қоюы екіталай екен. 

Құтқарушылар Амангелдіні дереу Жезғазған қаласының ауруханасына жеткізген. Оның өзінің айтуынша, қазір жағдайы тәуір. Палатада бір ұлы қасында жатыр. Жылқышының төрт ұлы, бір қызы бар. Олар күн сайын қоңырау шалып, әкелерінің аман қалғанына әлі күнге дейін сенер, сенбесін білмейтінін айтады екен. 

– Үсіп өліп қалмау үшін дене жаттығуын жасадым. Атым теуіп-теуіп қар аршып береді, сол жерден шыққан шөпті жедім. Соңғы күндері бойдағы күшім сарқылып, көзіме марқұм анам елестей беретіндей көрінді. Ата-бабамыз «Аттының несібесі алтау» деп бекер айтпаған екен, мені астымдағы атым – Ахиллес құтқарып қалды. Мен бәрінен бұрын атымның бір сәт жанымнан кетпей қойғанына қатты таңғалдым. Бір анығы, мен Ахиллестің арқасында тірі қалыппын, – деді жылқышы.    

Ахиллес қазір Үрпек маңындағы қыстауда. Ал Амангелді ауруханадан шыға салысымен, қайтадан жылқыға шығамын, үйде отыра алмаймын, аттың қомында, жылқының жалында жүріп әбден үйреніп қалдық қой дейді.