Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) плей-офф кезеңіне шыққан елорданың «Барысы» Гагарин кубогы жолындағы жарыстың 1/8 финалында Магнитогорскінің «Металлург» командасымен кездесіп, сырт айдында өткен алғашқы ойында ірі есеппен жеңіліп қалды.
Жалпы екі команда арасындағы матч ҚХЛ-дің осы маусымдағы ең нәтижелі әрі ең тартысты ойынының бірі болды деп айтуға толық негіз бар. Өйткені таразы басы теңселіп тұрған кездесуде хоккейшілер 11 шайба соқты. Бірінші кезеңнің 37-секундында айдын иелерінен Егор Коробкин есеп ашқанымен, кезең соңына дейін жерлестеріміз үш гол соғып үлгерді. «Барыс» сапынан К.Панюков, Р.Старченко және Д.Диц мергендігімен көзге түсті. Екінші кезеңде «Металлургтің» қарқыны қатты болды. Айналдырған 12 минуттың ішінде Хенрик Карлссон қорғаған қақпаға жауапсыз төрт шайба салып, есепте қайтадан алға шықты. Үзіліске дейін Филип Вароне мергендік танытып, таблодағы көрсеткішті 5:4-ке қысқартты.
Кездесудің соңғы бөлігінде жерлестеріміз жағдайды түзеу үшін барын салғанымен, бәрібір көздеген нәтижесіне қол жеткізе алмады. Үшінші кезеңде де мықтылық танытқан «Металлург» ойыншылары қақпамызға тағы да екі шайба соғып, кездесудің нүктесін қойды. Қорытынды есеп – 7:4. Екі команда арасындағы екінші кездесу де бүгін Магнитогорскідегі «Металлург Аренада» өтеді.