Қорғаныс министрлігімен Қарулы Күштер әскери полиция органдарының өкілеттігін кеңейтуге бағытталған заң жобасы әзірленді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Құжат әскери полиция органдарына әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ұйымдастыратын ведомстволық бақылау функциясын беруді көздейді.
Қазіргі уақытта әскери полиция атқаратын функциялар мен міндеттердің ауқымы бар, алайда заңнамалық деңгейде реттелмеген. Бұл Қорғаныс министрлігінің режимі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, Қарулы Күштердің әскери қызметшілері мен азаматтық персоналдарына полиграфологиялық зерттеулер жүргізу.
Жаңа құжатта Қорғаныс министрі бекітетін тізбеге сәйкес ведомстволық объектілердің режимі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі өкілеттіктерді әскери полиция органдарына беру ұсынылады. Сондай-ақ әскерлердің қатысуымен өтетін бұқаралық шаралар кезінде құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша міндеттер айқындалды.
Арнайы мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынас мәселелері де реттелген.
Бұдан басқа, заң жобасында әскери полиция өкілдерінің бейбітшілікті қолдау жөніндегі халықаралық миссияларға, оның ішінде БҰҰ миссияларына қатысуын регламенттеу мақсатында редакциялық сипаттағы бірқатар түзетулер көзделген.
Құжаттың толық мәтінімен ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында мына сілтеме бойынша танысуға болады: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=4261753.