Түркістанда өтіп жатқан футболдан Қазақстан Суперкубогының финалына шыққан командалар белгілі болды.
Биылдан бастап Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының бастамасымен ұйымдастырылған жаңа форматтағы доп додасының финалына былтырғы ел чемпионатының қола жүлдегері, Суперкубоктың бес дүркін жеңімпазы «Астана» мен 2020 жылғы біріншіліктің күміс медаль иегері «Тобыл» командалары шықты. Алғашқы жартылай финалда елордалық ұжым Қарағандының «Шахтерінен» 2:0 есебімен басым түссе, екінші жартылай финалда Қостанайдың командасы былтырғы Қазақстан чемпионы алматылық «Қайратты» ойын соңындағы пенальти сериясында жеңіп кетті.
Бүгін «Шахтер» мен «Қайрат» командалары OLIMPBET-Қазақстан Суперкубогының үшінші орнын сарапқа салады. Ал «Астана» мен «Тобыл» арасындағы финалдық матч 6 наурызға жоспарланған. Айта кетейік, турнирдің жалпы жүлде қоры 40 млн теңгені құрайды (шамамен, 94,7 мың доллар). Ал жеңімпаз атанған клубқа Қазақстан Суперкубогы мен 25 млн теңге (шамамен 59,2 мың доллар) тапсырылады.