Еліміздегі қоғамдық тамақтандыру орындарының 40 пайызы әлі жұмыстарын бастамаған. Бұл шамамен 68 мың бизнес нысаны деген сөз. Оған караоке, банкет залдары, фуд-корттар да кіреді. Бұл туралы «Қоғамдық тамақтандыру саласының коронадағдарыстан шығуына және бизнесті сақтап қалуына не көмектеседі?» атты онлайн-конференцияда айтылды.
Қоғамдық тамақтандыру қауымдастығының дерегі бойынша егер пандемияға дейін 95 мың нысан жұмыс істесе, қазір солардың 27 мыңы ғана жұмыстарын қайта жалғастырған. Қауымдастық басқарма төрағасының кеңесшісі Вероника Нұрпейісованың айтуынша, 1 наурыздан бастап боулинг, бильярд залдарының ашылуына рұқсат етілген. Бірақ залдың сыйымдылығы 50 пайыздан, келушілер саны 50 адамнан аспауы керек. 2020 жылдың қорытындысы бойынша мегаполистегі қоғамдық тамақтандыру орындарының қарызы ай сайын 10-11 млн теңгені, шағын қалаларда 5 млн теңгені құрайды. Оған бір жыл ішінде 38-ден 42 пайызға дейін қымбаттаған коммуналдық қызмет құны да кіреді.
«Коммуналдық қызметтер шағын және орта бизнеске көмектесуі керек. ШОБ-ты су мен жарықтан ажыратып тастамас үшін каникулдық түсімдер мүмкіндігін ұсыну қажет. Бір жыл бойы жұмыс істемеген бизнес сіз электр қуаты мен суды қашан өшіргеніңізді білмейді және көбіне тоқтату туралы хабарлама алмайды» дейді Нұрпейісова.
Оның айтуынша, тағы бір түйткіл – кәсіпкерлердің банк алдындағы борышы болып тұр. Көбі арендалық төлем келісімі бойынша жұмыс істеп, жеке тұлға ретінде несие рәсімдеген. Сондықтан еліміздегі заңнамаға «жеке тұлғалардың банкроттығы» туралы түсінік енгізілуі керек деп есептейді.
«Егер адам бизнестегі әрекеті салдарынан банкрот болса, онысын құжаты растап тұрса онда қарызы, несиесі ішінара немесе толықтай кешіріледі. Бұл бүкіл әлемде бар тәжірибе. Мұның басты мақсаты жеке тұлғаның банк қарызы салдарынан жеке мүлкінен айрылуына жол бермеу. Статистика бойынша кәсіпкерлер көп жағдайда жеке мүлкін кепілге қойып жеке тұлға ретінде несие алады. Сондықтан бұл заңның жеке кәсіпкерлерге қатысты қолданылуын құптаймыз. Өйткені олар заңды тұлға емес және «заңды тұлғалардың банкроттығы туралы» заң оларға жүрмейді» дейді спикер.