Әлемдік нарықта сұраныстың қайта қалпына келе бастауы мұнай өндірісін қайта арттыруға негіз болмақ. Бейнеконференция форматында өткен ОПЕК+ келісіміне қатысушы елдердің министрлер отырысында осы мәселе сөз болды.
Қазақстанның энергетика министрі Нұрлан Ноғаев өз сөзінде бүгінгі таңда коронавирустың таралуына қарсы күресте оң динамика және мұнай мен мұнай өнімдеріне сұраныстың біртіндеп қалпына келуі байқалатынын атап өтті.
Кездесудің қорытындысы бойынша келісімге қатысушы елдер мұнай өндіруді қысқартудың қазіргі деңгейін 2021 жылғы сәуірге ұзарту туралы шешім қабылдады. Бұл ретте, Қазақстан мен Ресей үшін осы кезеңдегі өндірісті сәйкесінше тәулігіне 20 және 130 мың баррельге кезең-кезеңмен ұлғайтуды көздейтін жеке шарттары келісілді.
Осылайша, ОПЕК+ шеңберіндегі Қазақстан үшін міндеттемелер сәуір айында тәулігіне 1,457 млн баррельді немесе базалық деңгейден 1 пайызды құрайды (тәулігіне 1,709 млн барр – 2018 жылғы қараша деңгейі).