Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігі бойынша 2020 жылдың қорытындысында 113 елдің ішінде 32-орынға жайғасқан. 2019 жылмен салыстырғанда өз жағдайын 16 сатыға жақсартқан.
Бұл туралы Corteva Agriscience қолдауымен The Economist Intelligence Unit сарапшылары дайындаған азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық индексінде көрсетілген. Economist Intelligence Unit-тің бағалауы бойынша, Қазақстан 2020 рейтингіндегі өз позициясын жақсарту тұрғысынан айтарлықтай оң динамикасы бар елге айналды. Тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі, тамақ өнімдерінің қол жетімділігі сияқты көрсеткіштер бойынша оң динамика атап өтілді.
Агроөнеркәсіп кешеніндегі өндіріс тұрақтылығы, азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша әлеуметтік бағдарламалар қолжетімділігі, АӨК секторындағы қаржылық қызметтерге деген қолжетімділік, төмен импорттық тариф те рейтингтегі жағдайымыздың жақсаруына себеп болған.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы инфрақұрылымының дамуы мен АӨК секторындағы ғылыми зерттеулердің төбе көрсете бастауы да Қазақстандағы сектордың даму бағытын әйгілей түскен.