• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Наурыз, 2021

Ауылдарда тұрғын үй салына бастайды

315 рет
көрсетілді

2020 жылы республика бойынша 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 140 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілген. Баспана құрылысына инвестициялар 2019 жылмен салыстырғанда 33,6 пайызға өсіп, 2 трлн теңгені құрапты. Оның ішінде 9,6 мың бірлік арендалық, 18,4 мың бірлік кредиттік баспана салынған.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп әлеуметтік-кредиттік тұрғын үй салу және «Отбасы банк» арқылы «5-10-20» шарттары бойынша кезекте тұрған адамдарға  кредит беру үшін 390 млрд теңге бөлген. Қосымша «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде жобаларды дамыту үшін шамамен 1 трлн теңге бөлінген.

– «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына қатысу үшін шектеулер алынып тасталды. Бұл шаралар құрылыс компанияларының кәсіпкерлік белсенділігін және халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша құрылыс экономикадағы жетекші салалардың біріне айналды. ЖІӨ-дегі құрылыс үлесі 5,9 пайыз болды. Республика бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 4,9 трлн теңгеге орындалды. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 11,2 пайызға артық, – дейді министрдің орынбасары ведомствоның алқа отырысында сөйлеген сөзінде.

Биыл барлық қаржыландыру көздері есебінен 17 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Бұл – 163 мың пәтер. Кезекте тұрған 31 мыңнан астам адам мемлекеттік инвестициялар арқылы қамтылмақ.

– Кредиттік тұрғын үй құрылысы бойынша әкімдіктер айналымында 387 млрд теңге бар. Құрылыс көлемін ұлғайту үшін бірыңғай оператор нарықтық шарттармен қосымша 61,5 млрд теңге тарта алады. Бұл жергілікті әкімдіктердің жылдық 4,25 пайыз мөлшерінде облигациялар сатып алуына мүмкіндік бермек. Өз кезегінде бұл бастама қаражат айналымын 448,5 млрд теңгеге арттырып, 2,5 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 41,5 мың кредиттік пәтер салуға мүмкіндік береді. Жалпы, биыл нарықтық шарттармен 300 млрд теңге тарту жоспарланып отыр, – деді Өскенбаев.

Әлеуетті инвесторлар ретінде ішкі және ресейлік нарықтардағы коммерциялық банктер, сақтандыру және қаржы ұйымдары қарастырылып отыр екен. Министрдің айтуынша, бірінші тоқсанда Еуразиялық даму банкімен және Сбербанкпен келіссөздер аяқталады. Сондай-ақ «Отбасы банкі» негізінде тұрғын үймен қамту орталығы құрылады. Орталық жеке тұлғалардың дерек қорларымен интеграцияланады.

Қайырбек Өскенбаевтың сөзінше, тұрғын үй кезегіне тұратын азаматтар саны жыл сайын орта есеппен 50 мыңға өсіп отыр. Бүгінгі күні 548 мың адам кезекте тұр. Олардың мәселесін екі тетік негізінде шешу ұсынылады дейді. Біріншісі – табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасыларды жеке жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялау арқылы тұрғын үймен қамтамасыз ету. Ондай отбасыларға жетім балалар, I, II топтағы мүгедектер, көпбалалы отбасылар және мүгедек баласы бар отбасылар, халықтың өзге де әлеуметтік әлсіз топтары жатады. Екіншісі – табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары отбасыларды жаңа тұрғын үйге жеңілдетілген займдар беру арқылы тұрғын үймен қамтамасыз ету. Ондай отбасыларға мемлекеттік қызметкерлер, бюджет қызметкерлері, толық емес және көпбалалы отбасылар, өзге де кезекте тұрғандар жатады.

Министрлік өкілі ауылда тұрғын үй салу тетігі де ұсынылып отырғанын мәлімдеді.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылдарда жұмыскерлер үшін тұрғын үй салу кезінде жұмыс берушінің шығындарын 50 пайызға дейін субсидиялауды көздейді. Тұрғын үй саясатының жаңа тәсілдерін іске асыру мақсатында қолданыстағы заңнамаға қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізу пысықталып отыр, – дейді Өскенбаев.

Вице-министр «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде халықты ауыз сумен қамту шараларының да белсенді жүргізіліп жатқанын айтады. 2020 жылы өңірлерде 113 млрд теңгеге 300-ден астам жоба іске асырылған. Бұл қала халқының орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету деңгейін 97,5 пайызға, ауыл халқын 90,1 пайызға дейін арттырмақ.

– Жылдың қорытындысы бойынша сумен жабдықтау қызметіне республика халқының 94,6 пайызы қол жеткізеді. 4500 шақырым су құбыры және кәріз желілері салынды. Биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту бойынша 125 млрд теңгеге 319 жоба іске асырылып жатыр. Осы жобаларды іске асыру есебінен сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету көрсеткішін қала халқы үшін 98, ауыл халқы үшін 91,8 пайызға жеткізу жоспарланған, – деді Өскенбаев.