2021 жылдың қаңтар айында отандық әуе компанияларының табысы 19,6 млрд теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 40,8 пайызға құлдырау байқалған.
Аталған соманың 17,9 млрд теңгесі жолаушылар тасымалынан түссе, 1,7 млрд теңге – жүк тасымалын жүзеге асырудан түскен пайда. 2020 жылы қаңтар айында бұл саладағы табыс 33,1 млрд теңгені құрап, 2019 жылдың басымен салыстырғанда 31,3 пайыз өсім көрсеткен еді. Былтырғы қатаң шектеулердің әуе компанияларына оңай тимегенін осы бір айырмашылықтан-ақ оңай аңғаруға болатындай.
Осы жылдың қаңтар айының өзінде ел аумағында 592,1 мың адам тасымалданып, жалпы жолаушылар ағыны 845,7 млн жолаушы-шақырымды құраған. Бір айда тасымалданған жүк көлемі – 2,5 мың тонна, ал жүк айналымы 5,4 млн тонна-шақырым көрсеткішіне ие.
Finprom.kz ақпараты бойынша, «Эйр Астана» әуе компаниясының рейстерді өз уақытында орындау көрсеткіші қаңтар айында 90,9 пайыз болған. Компания былтыр өз уақытында рейс орындау көрсеткішін 87,6 пайыз деп мәлімдеген.