• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Елорда 10 Наурыз, 2021

Елорда мектептеріне Мұстафа Шоқай, Смағұл Сәдуақасов және Нәзір Төреқұлов есімдері беріледі

909 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәкен Есіркеп елорданың бірнеше мектебі мен мәдениет ұйымына қазақ қайраткерлерінің есімі берілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz

Қазақ қайраткерлерінің есімін беру туралы ұсыныс 2021 жылғы 13 қаңтардағы Нұр-Сұлтан қаласы Ономастика комиссиясының отырысында мақұлданған.

«Атап айтқанда, №35 мектеп-лицейге көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, алғашқы қазақ елшілерінің бірі, дипломат Нәзір Төреқұловтың, №49 орта мектепке – Алаш қайраткері, ғалым, драматург, жазушы, журналист Қошке Кемеңгерұлының, №51 мектеп-гимназиясына – қазақ халқының біртуар күрескер перзенті Мұстафа Шоқайдың, №53 мектеп-лицейге – Кеңес одағының батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері Бауыржан Момышұлының, №64 орта мектепке – биолог-ғалым, минерология ғылымдарының докторы, профессор Қаныш Сәтбаевтың, №67 гимназияға – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, әйгілі «Көшпенділер» трилогиясы мен «Алтын орда» еңбегінің авторы Ілияс Есенберлиннің, ал №74 мектеп-гимназияға – ақиық ақын Мұқағалаи Мақатаевтың есімін беру мақұлданды», деді спикер Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының кезектен тыс отырысында.

№78 мектеп-гимназияға – мемлекет қайраткері, жазушы, «Еңбек туы», «Еңбекші қазақ», яғни бүгінгі «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы болып қызмет еткен Смағұл Сәдақасовтың, №90 гимназияға – жазушы, Абайтану ғылымының негізін қалаушылардың бірі Қайым Мұхамедхановтың есімі беріледі.

«Сонымен бірге Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Nomad city hall» театрын Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры деп қайта атау ұсынысы қолдау тапты. Бұл есімдердің барлығы тиісті мекеме ұжымдарының атынан жазылған және ғалымдар мен зиялы қауымнан түскен өтініштерді негізге ала отырып қарастырылды», деді С. Есіркеп.