• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 11 Наурыз, 2021

Алатау баурайындағы әлем чемпионаты

197 рет
көрсетілді

Алматыдағы «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортында елімізде тұңғыш рет қысқы спорттың фристайл-могул және фристайл-акробатика түрінен әлем чемпио­наты өтіп жатыр. Өз еліміздегі дүниежүзілік додада осы спорт түрінен бақ сынайтын жерлестеріміз медаль үшін бәсекелерде аянып жатқан жоқ.

Жалпы елімізде жазғы спорт түр­лерінен әлем чемпионаты жиі өтіп жатады, ал қысқы спорт түрле­рінен тек Әлем кубогы жарысы ұйым­дастырылғаны болмаса, әлемдік дода тұңғыш рет өткізіліп отыр. Бұған дейін 2019 жылы Алатау баурайында могулдан алғаш рет Әлем кубогы жарысы өтсе, 2020 жылы Алматыда фристайл-акробатикадан Әлем кубогы кезеңі ұйымдастырылды. Турнир Oi-Qaragai Lesnaya Skazka курортында өтіп, спортшылар медаль мен рейтингтік ұпай үшін барын салды. Аталған бәсекеде могулдан Юлия Галышева топ жарса, акробатикадан Жанбота Алдабергенова үздіктер қатарына енген болатын. Ха­лық­аралық шаңғы спорты түрлері федерация­сы Қазақстан әлемдік бәсекені жоғары деңгейде ұйымдастырғанын атап өтіп, жоғары баға берген еді.

Халықаралық шаңғы спорты түрлері федерациясының осындай се­німіне ие болған Қазақстанға аталған федерация фристайл-могул және фристайл-акробатикадан биылғы әлем чемпионатын өткізуді сеніп тапсырды. Тағы бір айта кетерлігі, бұл – жай ғана кезекті әлем біріншілігі емес, 2022 жылы Бей­жіңде өтетін Олимпия ойындарына ұпай беретін маңызды жарыстың бірі.

Жарыстың ашылу салтанатында Халықаралық шаңғы федерациясының директоры (FIS) Андреа Риналди: «Пандемия кезінде, осындай қиын сәт­те әлем чемпионатын өткізу туралы ұсыныспен сіздерге жүгінгенімде, оң жауап аламын деп үміттенгенімді атап өткім келеді. Қиын кезеңде жылдам шешім шығарып, осындай ерекше жағдайда үлкен дәрежеде дайындалғандарыңызды жоғары бағалаймын», деген болатын.

Фристайл-могул бойынша ұйымдас­тырылған жарыстың алғашқы күнінде талай әлемдік додада атой салып жүр­ген екі бірдей отандасымыз – Юлия Галышева мен Павел Колмаков тұғыр­дың биік сатысынан көрінді. 2019 жылы АҚШ-тың Парк-Сити қаласында ұйымдастырылған кезекті әлем чемпио­натында топ жарған Юлия Галышева өз жерімізде өткен додада күміс жүлде олжалады. Финалдық бәсекеде отандасымыз Олимпиада чемпионы, Әлем кубогы кезеңдерінің көшбасшысы франциялық Перрин Лаффонға есе жіберіп, 79.52 ұпаймен екінші орынды қанағат тұтты. Лаффон финалда 82.11 ұпай алды. Үш­тікті 79.41 ұпайға қол жеткізген ресейлік Анастасия Смирнова түйіндеді.

Жарыстан кейін журналистерге берген сұхбатында Юлия Галышева жеңіс тұғырына көтерілетініне сенімді бол­ғанын, алайда болмашы ғана қате­лігінің кесі­рінен алтыннан айырылып қалғанын айтты.

Ел қоржынына екінші медальды 2015 жылы Испанияда өткен қысқы Уни­­версиада да топ жарған отандасымыз Павел Колмаков салды. Финалдық сайыс­та 82.23 ұпай еншілеген ол мансабында алғаш рет әлем біріншілігінің қола жүлдесіне қол жеткізді. Бұл сында канадалық Микаэль Кингсбери әлем чемпионы атанса, күміс медальды фран­циялық Бенджамен Кавет иеленді.

Екінші жарыс күніне жоспарланған параллельді могулдан әйелдер арасын­дағы дода да біздің спортшылар үшін жемісті аяқталды. Былтыр Швейцарияда өткен параллельді могулдан Еуропа кубогында жасындай жарқылдап, алтын жүлде жеңіп алған 15 жастағы жер­лесіміз Анастасия Городко бұл жолы алғаш рет үздік үштікке енді. Кіші финалда Городко канадалық Софья Гэгнонмен жарысып, қарсыласынан оқ бойы озық болды. Алтын жүлдені ресейлік Анастасия Смирнова, күмісті оның отандасы Анастасия Лазаренко иеленді. Осылайша, Анастасия Город­ко фристайл-могулдан Қазақстан коман­дасының үшінші медалін жеңіп алды.

Бүгін фристайл-акробатика бойынша әлем біріншілігінің соңғы күні өтеді. Бұл сында ел намысын жуырда ғана АҚШ-тағы North American Cup турнирінде топ жарған Шерзод Хаширбаевтан бөлек, Роман Иванов, Ильдар Батрудинов, Жан­бота Алдабергенова, Ақмаржан Қал­мұрзаева және Аяна Жолдас қорғайды.