Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) Гагарин кубогы жолындағы жарыстың плей-офф кезеңінде сынға түсіп жатқан елорданың «Барысы» мен Магнитогорскінің «Металлургі» мұзайдындағы төртінші кездесуін өткізген болатын. Нұр-Сұлтандағы «Барыс-Аренада» өткен бәсекеде жерлестеріміз жеңіске жетіп, сериядағы жалпы есепті теңестірді – 2:2.
Елордада өтетін алғашқы матч қарсаңында Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия (ВАК) Қазақстан аумағында коронавирустың таралуына жол бермеу бойынша бірқатар қосымша қорғану шараларын жеңілдетіп, спорттық ойындарды стадионды көрермен санын 30 пайыздан аспайтын көлемде толтыра отырып өткізуге рұқсат етті. Сөйтіп пандемияға байланысты бір жылға жуық жанкүйерлерсіз ойнаған «Барыс» алғаш рет плей-офф кезеңінде көрермендерінің қолдауымен өнер көрсетті.
6 наурызда өткен екі команда арасындағы үшінші кездесуде жерлестеріміз жеңіп тұрған ойында қарсыластарына жол беріп қойды. Нұр-Сұлтанда өткен бәсекені «Барыс» жап-жақсы бастаған еді. 15-минутта Линус Виделльден тамаша пас алған Якоб Лилья есеп ашып, айдын иелерін алға шығарды. Үзілістен кейін жағдай күрт өзгерді. 24-минутта Николай Голдобин таразы басын теңестірсе, арада үш минут өткен соң Егор Мартынов екінші шайбаны қақпаға енгізді – 1:2. Ал үшінші кезеңде «Барыс» ойыншылары есепті теңестіруге қанша ұмтылғандарымен, матч соңына дейін таблодағы есеп өзгерген жоқ.
Араға екі күн салып екі команда ойыншылары «Барыс-Аренада» төртінші ойынын өткізді. Елордалық команда кездесуді қарқынды бастағанымен, есепті қонақтар ашты. Павел Акользин тәртіп бұзып, мұзайдыннан қуылған соң сан басымдығына ие болған «Металлург» Николай Прохоркин голының арқасында есепте алға шықты. Кейіннен «Барыс» ойыншыларында да гол соғып, таблодағы көрсеткішті теңестіретін бірнеше мүмкіндік болғанымен, шабуылды нәтижелі түйіндей алмады. Абырой болғанда бірінші кезеңнің аяқталуына бір секунд қалғанда сан басымдығына ие болған жерлестеріміз гол соғып, үзіліске тең нәтижемен аттанды. Гол авторы – Мэттью Фрэттин. Екінші кезеңде де командалар бір-бір шайбамен алмасты. 25-минутта қонақтардың шабуылшысы Николай Голдобин мергендігімен көзге түсіп, есепті 2:1-ге жеткізсе, арада екі минут өткенде қорғаушы Джесси Блэкер плей-офф кезеңіндегі алғашқы шайбасын соқты.
Үшінші кезең толық «Барыстың» басымдығымен өтті. 52-минутта тағы да сан басымдығына ие болған жерлестеріміз «Металлург» қақпашысы Юхо Олкинуораны қапы қалдырды. Кёртис Волк пен Никита Михайлистен пас алған Роман Старченко өз атын таблоға жаздыртты. Ал ойынның соңғы минутында қонақтардың бас бапкері есепті теңестіру үшін қақпашының орнына алаңға алтыншы ойыншы шығарды. Алты хоккейшімен матч соңында үстемдік құрмақ болған қонақтардың мақсаты жүзеге аспады. 59-минутта қақпашы Йони Ортионың пасынан кейін Кирилл Панюков қонақтардың бос қалған қақпасын дәл көздеп, матчтың нүктесін қойды. Қорытынды есеп – 4:2. Панюковтың мұның алдында да бос тұрған қақпаға гол соғатын тамаша мүмкіндігі болған. Алайда алыстан жасаған соққысы қақпадан сәл қиыс кетті.
Матчтан кейін пікір білдірген Кирилл Панюков мансабында тұңғыш рет бос қақпаға гол соққанын айтты. Оның пікірінше бос қалған қақпаға гол соғу ойын сәтіндегі голға қарағанда қиын көрінеді.
Екі ұжым арасындағы бесінші кездесу кеше кешкісін Магнитогорск қаласында өтті. Онда қандай нәтиже тіркелетініне қарамастан, алтыншы матч 12 наурызда елордадағы «Барыс-Аренада» ұйымдастырылатын болады.