Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында осыдан бір жыл бұрын басталған коронавирус пандемиясына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бір жыл бұрын ДДСҰ пандемияның басталғанын жариялады. Содан бері Қазақстан бүкіл әлеммен бірге көптеген қиындықты бастан өткерді. Мемлекет азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін пәрменді шаралар қабылдады. Төтенше жағдай кезінде табыссыз қалған тұрғындарға қаржылай және басқа да көмек берілді. Біз береке-бірлік пен өзара қолдаудың арқасында өршіген індетті еңсердік», деп жазды Президент.
Осы орайда Мемлекет басшысы дерттің қатері әлі де сейілмегенін айтты.
«Вирусты вакцинация арқылы ғана түбегейлі ауыздықтай аламыз. Барша отандастарымызды ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуге шақырамын», делінген жазбада.