Атырауда 6 наурызда жұмысына барар жолда жоғалып кеткен 54 жастағы күзетшіні таппай жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жоғалып кеткен 54 жастағы Т.Оразалиев «WDC» ЖШС-де күзетші болып жұмыс істейді екен.
«Департаменттің диспетчерлік пультіне 10 наурызда Атырау қаласының тұрғынынан 1967 жылы туған Т.Оразалиевтың 6 наурызда сағат 19-00-де үйінен жұмысына шығып, осы уақытқа дейін қайта оралмағаны туралы хабар түсті. Жоғалған азаматты іздестіруге 10 наурызда жедел құтқару жасағының 7 қызметкері, 4 кинологиялық есеп пен 4 техника жұмылдырылды. Сондай-ақ, еріктілермен бірге (4 адам мен 2 техника) бірлесіп Бірлік, Ақсай, Жұлдыз-3 елді мекендерінде іздестіру жүргізілді» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Іздестіру жұмыстары бүгін, 11 наурызда сағат 08:00-де қайта жалғасып, оған жедел құтқару жасағының 10 қызметкері, 3 техникасы (оның ішінде 2 кинологиялық есеп) мен жоғалып кеткен азаматтың 10 туысы тартылды.