Төс қалтасынан ақша суырып саудаласар адамдардың сиреп бара жатқанын байқап жүрміз. Бұл қоғам үшін айтарлықтай жағымсыз үрдіс емес. Өте оңтайлы. Электронды коммерцияның қарыштап дами түскенін түрлі зерттеулерден де аңғарамыз. Қазақстанның онлайн сауда-саттыққа бейімі қалай? 2021 жылы бізді қандай трендтер күтіп тұр? E-commerce саласының алға басуына нендей факторлар кедергі келтіреді?
PwC Kazakhstan компаниясы Цифрлы Қазақстан қауымдастығымен бірлесіп екі жыл бойы арнайы зерттеу жүргізді. Зерттеуге электронды коммерция нарығын дамытып отырған әлеуетті ойыншылар қатысты.
– Бір жыл бұрын ғана электронды коммерция көп адамдар үшін екінші кезектегі сатылым арнасы саналатын. Қатаң шектеу мен локдаунға толы 12 айдан соң бөлшек саудадағы ойыншылар басымдықтарын өзгертті. Тұтынушылардың онлайнға кетуі интернет-алаңдардың күрт дамуына ықпал етті. Онлайн сатылымның ең шарықтаған сәті 2020 жылдың III тоқсанына сәйкес келді, – дейді зерттеу авторларының бірі Наталья Лим.
2020 жылы бөлшек электронды сауда нарығы көлемі 82 пайызға өскен (2019 жылмен салыстырғанда). Яғни 327 млрд теңгеден 596 млрд теңгеге. Әсіресе үшінші тоқсанда белсенділік артып, екінші тоқсанмен салыстырғанда 65 пайызға көп сауда-саттық жасалды.
«Елдегі эпидемияның алғашқы толқынының шарықтауы екінші тоқсанның аяғы, үшінші тоқсанның басына келгенін ескерсек, көптеген ойыншы өз бизнесін жаңа бағытқа лезде бейімдей алды. Қызмет спектрін кеңейтіп, сервис сапасын арттырды. Тауарға тапсырыс беру ыңғайлы ғана емес, жылдам бола бастады. Адамдардың электронды саудаға көбірек сенім арта бастағаны байқалады», делінген зерттеуде.
Алайда төртінші тоқсанда сатылым көлемі 15 пайызға ғана өсті. 2019 жылдың дәл сол уақытында өсім 86 пайызды көрсетіп еді. Былтыр жыл соңында онлайн сауданың баяулауы сірә, карантин талаптарының жеңілдеп, көптеген сауда мекемесінің офлайн қызмет көрсете бастауына байланысты болса керек. Дегенмен, онлайн сауда біржола құлдырады деуге келмейді. Ол өз қарқынын сақтап, табыс көлемі 213 млрд теңгені құрады. Төртінші тоқсанда жасалған транзакциялар көлемі 8,5 млн, яғни 2019 жылдың төртінші тоқсанымен салыстырғанда 48 пайызға көп болған. Соның әсерінен орташа чек көлемі 15 мыңнан 23 мың теңгеге дейін көбейген.
«Леруа Мерлен Қазақстан» компаниясының хабарлауынша, мобильді құрылғыдан келетін трафик артты. Егер 2020 жылдың басында трафиктің 57 пайызы мобильді құрылғыдан келсе, жыл соңында бұл көрсеткіш 73 пайызға жеткен.
«Біз телефоннан кірген жағдайдағы сайт бейімділігін қайта қарап, көп өзгеріс жасадық. Соның әсерінен рәсімделген тапсырыстар 27 пайызға көбейді», дейді компания.
Зерттеуге атсалысқан компаниялардың айтуынша, 2021 жылы нарықты жылдам әрі арзан орындалатын жеткізіп беру қызметтері жаулай бастайды. Шағын бизнестер маркетплейс арқылы сатылымды белсенді жүргізе бастайды. Сөйтіп өз бизнесін тек маркетплейс арқылы және онлайн іске асыратын кәсіпкерлер саны күрт көбейеді. Тиісінше, ассортимент аясын да кеңейте түседі.
«Сайтта тауар қаншалықты көп болған сайын, оның клиенті де соншалықты көп болады. Қазір көптеген жаңа ойыншының нарыққа еніп, өз тауарларын онлайн ұсына бастағанын көріп отырмыз. Елдің кез келген өңіріне жылдам әрі тегін жеткізіп беру қызметінің жолға қойылуы да бұл салаға деген қызығушылықты арттырады. Сайтта төлем жасау да қолайлы бола бастады», дейді зерттеуге қатысушы Mechta.kz электронды дүкендер желісінің өкілдері.
Қазақстандағы электронды коммерцияның басты кедергілері қандай? Әрине жолын тапқан адам онлайн түрде өз саудасын дамытады және оның жемісін көре алады. Бұл сөзімізге дәлел көп. Дегенмен, трансшекаралық тауарлар бағасының өсуі E-commerce-нің дамуына қолбайлау болып тұр дейді қатысушылар. Mechta.kz өкілдерінің айтуынша, басты проблема – халықтың төмен деңгейдегі тығыздығы. Содан болар, логистика қымбат әрі күрделі. Инфрақұрылым нашар. Осындай қиындықтар тауардың клиентке дер уақытында жетуіне мүмкіндік бермейді. Компаниялардың байламынша, мобильді интернет сапасын арттыру да күн тәртібінің өзекті мәселесі. Әсіресе интернеттің баяу болуы өңірлердегі ахуалды қиындатып тұр. «Бұдан бөлек инфрақұрылым логистикасын кеңейтіп, курьерлік және логистикалық компаниялар санын арттырса да дұрыс болар еді», дейді Kaspi.kz.
Қатысушылардың тағы бір бұйымтайы – салық заңнамасы мен халықаралық төлем жүйелерінің жұмысын жетілдіру. Дәл осы екі мәселенің оңынан шешілуінің өзі елдегі электронды коммерция дамуының басты драйверіне айналмақ.