Шығыс Қазақстан облысында қар құрсауында қалған 64 адам құтқарылды, деп хабарлайды Egemen.kz
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, алдын ала жасалған дауылды ескертулерге қарамастан, өңір тұрғындары алыс жолға шығып жатыр. Тарбағатай, Көкпекті және Алтай аудандарындағы жол учаскелерінде 30-дан астам автокөлік қарға батып қалған. Құтқарушылар шұғыл көмекке аттанып, 64 адамды эвакуациялады.
«Ең қиын жағдай Алтай ауданында болған. Қар құрсауында қалған көліктерден 52 адам, оның ішінде 6 бала құтқарылды. Ешкім медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ», деп хабарлады ведомство өкілдері.
Көкпекті ауданындағы Байбура учаскесінде құтқарушылар 3 автокөлікті қардан шығарды. Көліктерде 9 адам болған.
«Осы ретте өңір тұрғындарына дауылды ескерту жасалған кезде алыс сапарға шықпау қажеттігін ескертеміз. Жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы тексеріп отырған абзал. Егер жолда қиын жағдайға тап болсаңыз, дереу «112» нөміріне хабарласу қажет», делінген мәліметте.