• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Парламент 15 Наурыз, 2021

Сенаторлар автокөлік ұрлығына қарсы күрес туралы заң жобасын қарайтын болды

191 рет
көрсетілді

Палата Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен Бюро отырысы болды. Онда депутаттар 2021 жылғы 18 наурызда өтетін Сенаттың алдағы отырысының күн тәртібін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенаторлар Палатаның алдағы отырысында «2005 жылғы 25 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қарайды.

Бұл құжат ратификацияланғанда біздің елімізге ТМД елдерінің ақпараттық дерекқорларынан автокөлік туралы мәліметтерді жедел алуға мүмкіндік туады. Сондай-ақ бірыңғай ақпараттық база арқылы мәлімет алмасу жүзеге асады, онда автокөліктің есептен шығарылғаны, мемлекеттік шекараны кесіп өткені, зақымдары және т.б. ақпарат салынатын болады. Осылайша, ТМД-ға қатысушы елдердің автокөлік ұрлығына қарсы күрес және оларды қайтаруды қамтамасыз ету бойынша бірлескен іс-қимылдары күшейе түседі.

Сенат депутаттары сондай-ақ «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің темекі өнімдеріне акциздер саласындағы салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын да талқыға салады.

Отырыстың күн тәртібіне сондай-ақ екі шарт - «Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» және "Еуразиялық экономикалық одақтың тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы шартты ратификациялау туралы" заң жобалары да енгізілді.

Сенаторлар сонымен қатар «Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу – рухани жаңғырудың негізі» тақырыбы бойынша парламенттік тыңдауға дайындық мәселелерін де талқылады.

Бюро отырысы барысында Мәжілістен келіп түскен бірқатар заң жобалары Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді.