Ақтөбеге көктеммен ілесе келетін “Жұбанов көктемі - 2010” халық аспаптар оркестрлері мен ансамбльдерінің халықаралық фестивалі әдеттегідей Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда өтті. Қазақстанның кәсіби музыка өнерінің негізін салушы, халық музыкасының асқан білгірі, Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрін құрушы, академик Ахмет Жұбановқа деген құрмет пен ықыластың айғағындай болған бұл фестивальге қызығушылық жыл сайын артып келеді. Биыл оған еліміздің он облысының және Ресейдің Орынбор, Магнитогор, Самара, Өзбекстанның Ташкент қаласының өнер ұжымдары қатысты. Филармония директоры Есенгелді Дүйсенбаевтың айтуынша, фестивальдің құрылтайшылары Мәдениет министрлігі мен облыстық мәдениет басқармасы екен. Екі күнге созылған өнер додасына халық әртісі, композитор, дирижер, профессор Алдаберген Мырзабеков бастаған қазылар алқасы он үш оркестр мен ансамбльдің орындаушылық шеберлігін, репертуар таңдаудағы талғампаздығын сарапқа салды. Бұл құрамда Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, профессор Борис Воронның, Қырғызстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Рысбек Жұмақұновтың болуының өзі-ақ өнер ұжымдарына қойылар талаптың қаншалықты жоғары болғанын аңғартса керек.
Өнер сайысының қорытындысында Алматы қаласының “Сарын” фольклорлық және Самара мемлекеттік филармониясының орыс халық аспаптар ансамбльдері Гран-При жүлдесін жеңіп алды. Жүлделі орындарды Талдықорған қаласының Сүйінбай атындағы облыстық филармониясының, Мұқан Төлебаев атындағы қазақ халық аспаптар және Ташкенттің “Согдиана” өзбек ұлт аспаптар оркестрі Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның “Арайлы Ақтөбе” және Н. Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының “Мұрагер” ансамбльдері бөлісті. Жеке орындаушылар арасында талдықорғандық Ғ. Ырза (баритон), ташкенттіктер М.Болтабоева (сопрано), Н.Ибрагимов (рубаб-прима), ақтөбеліктер Г.Сағынғанова (халық әні), А.Кенегесов (домбыра), маңғыстаулық Г.Бермағанбетов (баритон), орынборлық Г.Авдеев (балалайка), қызылордалық С.Байсейітов (сопрано) “Фестивальдің үздік орындаушысы” атағына ие болды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.