• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Наурыз, 2021

Математиктерді мойындатқан Махмұт

239 рет
көрсетілді

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 сынып оқушысы Махмұт  Омар екі бірдей халықаралық олимпиададан топ жарды. Жас математик жақында өткен «Азия – Тынық мұхит аумағы» олимпиадасы мен «Жібек жолы» XX математика додасынан жеңімпаз атанып, күміс медальға ие болды.

Әлем оқушылары арасында онлайн өткен бұл жарысқа Аргентина, Австралия, Ресей, АҚШ, Канада, Индонезия, Жапония, Қазақстан, Корея, Қырғызстан, Малайзия, Мексика сияқты қырықтан астам мемлекеттен үміткерлер қатысқан екен. Ал олардың арасынан Махмұт өзінің озық екенін дәлелдеп екінші орынға ие болды.

Айтпақшы, бұл жеңіс Махмұттың соңғы күндердегі жалғыз жетістігі емес. Дарынды оқушы жақында ғана «Елбасы медалі» төсбелгісінің иегері атанған еді. Білімді жастар арасындағы үздіктерді анықтауға арналған бәсекеде талдықорғандық зияткер сынақ кезеңдерінен сүрінбей  өтіп, арнайы төсбелгі тақты. Сондай-ақ, Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Махмут Омар ерікті ретінде білгенін үйретіп жүрген талапты жас. Ол аптасына екі рет ауыл оқушыларына «Математика академиясы» курсынан сабақ өтеді екен. Оқушыларға олимпиадаларға дайындалуға көмектесіп, қосымша білім береді.

Ал Махмұттың ендігі арманы – Гарвард университетіне оқуға түсу.  Бұған дейін халықаралық Math and Science olympiad, International Mathematics Competition, Болгар олимпиадасы, «Шекарасыз математика» жарысы, Жәутіков олимпиадасы және «Туймаада» олимпиадасынынан жүлделі болған жас математиктің жолы болсын дейміз.

 

 

Алматы облысы