• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Қазақстан 17 Наурыз, 2021

Жыл соңына дейін 836 әкім тікелей дауыс беру арқылы сайланады

199 рет
көрсетілді

Бұл туралы бүгін Сенат жанындағы Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында белгілі болды. Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен өткен кездесуде жергілікті мемлекеттік басқарудың рөлін күшейту және мәслихат пен Сенат депутаттары арасындағы ынтымақтастыққа қарқын беру мәселелері талқыланды.

«Сенат депутаттары үнемі аудандық, қалалық, облыстық мәслихаттармен өзара тығыз байланыста болуы керек.  Соның барысында жергілікті деңгейдегі өзекті мәселелер және қолданыстағы заңнаманың тиімділігі талқыланады. Нәтижесінде біз халықты толғандырған мәселелерді анықтап, оларды шешудің тиімді жолдарын қалыптастыратын боламыз», деді Мәулен Әшімбаев.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев еліміз Президентінің өзін-өзі басқаруды күшейту және тиісті заң жобасы туралы тапсырмаларының орындалу барысы туралы Сенат және мәслихат депутаттарына айтып берді.

«Саяси партиялар қатарынан өз мүшелерін ұсыну, дауыс беруге құқығы бар тиісті округ сайлаушыларының жалпы санынан қол жинау арқылы кемінде 1% болған жағдайда өзін-өзі  кандидаттыққа ұсына алады, егер ұсынылатын кандидат саны екіден кем болса,  онда аудан әкімімен ұсыну қарастырылған. Әкімдерді тікелей сайлау өкілеттік мерзімдерінің аяқталуына қарай жүзеге асырылады және жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында тікелей сайлау 836 әкімге тиісті болады», деп атап өтті министр өз сөзінде.

Сонымен қатар Әсет Ерғалиевтің айтуынша, жергілікті жерлердегі әкімдіктердің бюджетін нығайту үшін оларға қосымша салықтар мен төлемдердің 4 түрін беру ұсынылады. Оның ішінде, бірыңғай жер салығы, жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлем, жер учаскелерін сатудан түсетін түсімдер және жер учаскелерін жалдау құқығын сатқаны үшін төлем де бар.

Мәулен Әшімбаев кездесуді қорытындылай келіп, еліміз Президентінің осы және басқа да бастамаларын іске асырудың нәтижелі болуы заңнаманың өзгеруіне ғана емес, сондай-ақ жергілікті жерлерде заңдардың қаншалықты сапалы түсіндірілетініне де байланысты екенін атап өтті.