Келешекте әлемді алып корпорациялар басқарып, адамның түсінігіндегі биліктің форматы түбегейлі өзгереді. Тіпті саяси элиталар технократтардың дегеніне көндігіп, ырқына жығылуға мәжбүр болады. Қазір кез келген футурологты тыңдасақ, айтатыны осы. Бірақ жасыратыны жоқ, технологиялық үдерістер қарқын алған сайын адамдардың жеке кеңістігі тарылып бара жатқандай әсер қалдырады.
Лицензиялық келісімді оқымайды
Сонда миф пен шындықтың ара жігі қандай? Қолға шам ұстап, үңгірге оралуды ешкім қаламайтыны анық. Өркениетті елдер ғылыми прогрестің дамуына барынша жағдай жасап, түрлі салалардағы жаңашылдықтарды қоғамның игілігіне жұмсап келеді. Десек те Big Data, таргетинг, сондай-ақ басқа да технологиялар мега-корпорациялардың нарықта үстемдік құруына ықпал етіп отырғанын мойындауға тура келеді. Айталық, күнделікті өмірде компьютер, смартфонды пайдалану арқылы әлеуметтік желілер мен электронды поштаны тексергенде, көзімізге түрлі жарнамалар түсетіні белгілі. Өзімізге ұнағанына «лайк» бассақ болғаны, сол сәтте ұқсас жарнаманың сап түзеп, қаптап кететінін аңғару қиын емес. Демек, жеке әлеуметтік парақшалардағы мәліметтер мен жарияланған жазбалардың негізінде, сондай-ақ жазылған комментарийге сәйкес, data аналитиктері нені қалайтыныңызды біліп отырады.
Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі сарапшысы Иван Фильконың айтуынша, мәліметтердің таралуы көп жағдайда оны пайдалану мәдениетінің жоқтығынан орын алады. Өйткені кез келген әлеуметтік желі немесе сайтқа тіркелмес бұрын азаматтардан жеке деректердің өңделуіне қолданушылық келісімге рұқсат сұралады. Міне, осыған келгенде интернет қолданушылары белгіленген талапты оқымастан келісімдерін беріп жатады.
«Бірден айта кету керек, компаниялар арасында өзара деректер алмасу арзан емес. Бұл қомақты қаражатты талап етеді. Мәселен, бір компанияның басқа ұйымға қолданушылардың қалаулары жайлы мәліметтерді жарнамалық мақсатта беруі қымбатқа шығып жатады. Бұл ретте мәселе басқада болып тұр. Дәлірек айтсақ, көбінесе қолданушылар лицензиялық келісімді оқымайды. Айталық, Facebook, «Вконтакте» сынды әлеуметтік желілерге тіркелерде аты-жөніңіз бен басқа мәліметтерді толтырып болған соң, астында қолданушылық келісімге рұқсат сұралады. Осы келісімді мұқият оқысаңыз, онда желі қолданушыларының қалауларына қатысты статистиканы өңдеуге, сондай-ақ оны пайдалануға рұқсат беретін тетік қарастырылған. Бұл жоғарыдағы келісімде көрсетілген. Көп жағдайда адамдар «қанат» белгісін, яғни келісімді электронды түрде растаудың қолтаңбаға пара-пар екенін түсінбей жатады. Сондықтан да мобильді қосымшаларды жүктегенде немесе әлеуметтік желілер, сайттардың қызметін пайдаланғанда азаматтар бұған мән бермейді. Әйтсе де одан қорқудың қажеті жоқ. Неге десеңіз, Facebook секілді компаниялардың қорғау жүйесі жақсы дамыған», деді И.Филько.
Жеке мәліметті қолдану мәдениеті қалыптаспаған
Мамандардың пікіріне сүйенсек, бұл мәселеде халықтың жеке деректерді пайдалануға байланысты сауаттылығын арттыру қажет. Өйткені, азаматтар қандай мәліметті жариялауға болатынын және қайсысын құпияда ұстау керектігін ажырата білмейді. Сол себепті жеке мәліметті қолданудың мәдениетін көтеру керек дейді сарапшы.
«Технологиялар тез дамып жатқандықтан адамдар өздеріне тиесілі деректерді дұрыс пайдалануды меңгеріп, үлгермей жатыр. Қарапайым мысал, мектепте оқушыларды жол қозғалысының ережелеріне үйрететіні белгілі. Дегенмен балаларға жеке құжаттың фотоларын немесе басқа да жекебасты куәландыратын мәліметтерді беймәлім сайттарда жариялауға болмайтыны туралы ескертіліп, үйретілмейді. Сондай-ақ бұл мәселеде аға буын өкілдері де қиналатыны жасырын емес. Себебі тың технологияларды дұрыс қолданудың жолдарын үлкендеріміз өз бетінше меңгеріп келеді. Демек, дербес деректерді қолданудың сауаттылығын жастайынан қалыптастырып, бұл бағытта халықтың мәдениетін көтеруіміз қажет деп санаймын», деді И.Филько.
Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі сарапшысы айтқандай, елімізде дербес деректер қорғау мәселесі заңмен қарастырылғанымен бұл тек республика аумағында күшке ие. Facebook, Google сынды әлемдік компаниялар Қазақстанда орналаспағандықтан аталған заң оларға қолданылмайтынын ескеру қажет.
Мәлімет өңдеудің экономикалық тиімділігі көп
Егер сұраныс бар жерде ұсыныс та болатынын ескерсек, data технологияларының артықшылығы сол, қалағаныңызды артығымен тауып береді. Мұның әсіресе тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді ұсынуда пайдасы орасан. Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, деректерді өңдеуде белгіленген тәртіпті ұстанып, қауіпсіздік мәселесіне де көңіл бөлуге болады. Яғни «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» тепе-теңдікті барынша сақтаған абзал. Неге десеңіз, қаласақ та, қаламасақ та цифрлы технологиялар өмірімізге мықтап еніп отыр.
«Давостағы дүниежүзілік экономикалық форумның президенті Клаус Швабтың пікіріне сүйенсек, 2012 жылы әлемде төртінші өнеркәсіптік революция басталған болатын. Оның айғағы ретінде Big Data, жасанды интеллект, сол секілді 3D принтердің қарқын алуымен бірге өндірістің роботтандырылып жатқаны келтіріледі. Демек, жаһандық экономикада, шаруашылық жүргізу ісінде цифрлы технологиялардың алдыңғы орынға шыққанын байқауға болады. Қазір әр адамның жеке цифрлы коды бар. Мысалы, интернетке кірсек те, YouTube арқылы видео қарасақ та жасанды интеллект соған сәйкес, көңілімізден шығатын өнімдерді ұсынады. Сол секілді бизнес те өз тұтынушыларын жаңа технологиялардың көмегімен іздеп, сұраныстарын қанағаттандыруға тырысады. Бұл әсіресе пандемия кезінде айқын сезілді. Атап айтқанда, әлеуметтік желіні жетік меңгеріп, таргетинг арқылы халыққа қалаған өнімін ұсынуға дағдыланған іскер азаматтар кәсіптерін онлайн форматқа ұтымды ауыстырды. Алайда соңғы уақытта жеке мәліметтердің қолды болғаны жайлы ақпараттар жиі айтыла бастады. Facebook-ке қатысты бірнеше сот процесі болғаны мәлім. Қауіпсіздік мәселесі де қазір өзекті болып тұрғанын жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, несиесі бар азаматтардың мәліметтері тарағаны жайлы, сондай-ақ кейбір адамдардың жеке есепшотынан қаражаттары жоғалып кеткені туралы фактілер анықталып отыр. Сондықтан қаржы-экономикалық қауіпсіздік мәселесін де естен шығармау қажет», деді М.Халық.
Осы орайда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі дербес деректерді қорғауды күшейтуге байланысты заң жобасына ұсыныстарды қабылдауға дайын екендерін хабарлады. Ведомство жеке мәліметтерді өңдеуді жетілдіріп, оны қорғауға бағытталған заңнамаға түзетулер әзірлеуді қолға алды.
«Цифрлы қызметтер қазақстандықтардың өмірінде едәуір орын алып, дербес деректердің таралып кету тәуекелі де арта түсті. Дербес деректердің қауіпсіздігі еліміз үшін маңызды мәселелердің бірі», делінген министрлік таратқан ақпаратта. Жауапты орган әр қазақстандық жеке мәліметтерді қорғау бойынша өз ұсыныстарын енгізуге құқылы екенін жеткізді.