• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Наурыз, 2021

Шалшыққа айналған стадион...

358 рет
көрсетілді

Таяуда футболдан Қазақстан чем­пио­на­тының кезекті тур ойындары өтті. Биыл жоғары лигаға жолдама алған «Тұран» командасы елордалық «Астанамен» Түр­кіс­тан қаласындағы «Түркістан-Арена» ста­дионында шеберлік байқасты. Онда тұр­ған не бар дерсіз?! Нөсерлетіп жау­ған жаң­быр салдарынан жасыл алаң шал­шық­қа айналған. Бір қызығы, футболшы­лар осындай қолайсыз жағдайда доп тебуге мәжбүр болды.

Ойыннан кейін футболшылар наразы­лы­ғын білдірді. Мәселен, «Астана» клу­бының қор­ғаушысы Антонио Рукавина осындай алаң­да ойнағанына ұялатынын жет­кізді.

«Ондаған миллион долларға салынған стадионның осындай екеніне ұяламын. Бүгін-ертең осы матчты бүкіл әлем көреді. Осылайша Қазақстан футболы жетер жеріне жетті. Ертең-ақ бәрі Қазақстан футболын әжуа­ға айналдырады. Бізге керегі осы ма?», деді А.Рукавина.

Қарт құрлықтың белді командаларында тер төккен футболшының сөзінің жаны бар. «Түркістан-Арена» – еліміздегі ең жаңа стадион. Кешен былтыр қолданысқа беріл­ген-тұғын.

Рас, әлемнің түкпір-түкпірінде жауған жаңбырға қарамастан, футбол матчтары өткізіледі. Өйткені ондағы алаңдарда су ағар жүйесі жақсы жұмыс істейді. Өкінішке қарай, «Түркістан-Арена» кез келген жауынға шыдас бермейтін секілді. Бұл біріншіден.

Екіншіден, стадион құрылысына кеткен қаржы да назар аударуды қажет етеді. Түгел түркі әлемінің темірқазығы саналатын Түркістанда салынған жаңа аренаға небәрі 7 мың адам ғана сыяды. Ал оның құрылысына шамамен 35 миллион доллардай қаржы жұмсалыпты. Салыстырмалы түрде қарасаңыз, Италиядағы «Удинезе» клубының стадионына 23,6 миллион доллар жұмсалған. Бір сәтте жасыл алаңдағы ойынды 25 мыңнан астам көрермен тамашалай алады.

Бауырлас Түркия да жаңа арена салуда ешкімге дес бермейді. Мәселен, «Сивас Арена» стадионының құрылысына 20 миллион доллар, «Торку Аренаны» салуға 20 миллион доллар, «Тимсаһ аренаға» 22 миллион доллар қаражат жұмсалыпты. Көрермен саны да анағұрлым көп.

Осыдан біраз бұрын Қазақстан футбол федерациясының өкілдері «Түркістан-Аренаға» ат басын тіреп, алаңның ұңғыл-шұңғылын тексеріп қайтқан еді. Олар су жаңа стадионды УЕФА-ның бүкіл талаптарына сай келеді деп қорытынды шығарған-ды. Алайда, миллиондап қаржы жұмсалған стадион бір жыл өтпей сыр берді. 

Жалпы, қазақ футболының мұндай мас­қа­раға ұшырауы алғаш рет емес. Естеріңізде болса, 2007 жылы Премьер-лиганың кезекті турында «Екібастұз» бен «Алматы» футбол клубтары кездескен. Ойын Екібастұз қаласындағы стадионда өткен еді. Толассыз жауған жаңбырдың кесірінен алаңға су толып, доп тебу қиындайды. Алайда ойын тоқтатылмады.

Кейінірек осы видео интернетте тарап, бүкіл әлемге күлкі болғанымыз бар. Сол кезде The Sun басылымы әлгі видео туралы былай деп жазды: «Футбол тарихында суда өткен алғашқы ойын. Мұндай жағдайда доп тебу мүмкін емес. Егер сіз жартылай суға толы алаңда өткен ойынды көрсеңіз, «Бұл қандай Премьер-лига?» деуіңіз әбден мүмкін. Алаңның суға толып кеткені соншалық, танкер суды сорып үлгере алмаған. Бұрыштама тебейін деп келген байғұс ойыншы қойған добының су үстінде қалықтап жүргеніне қарап тұр».

The New England Sports Network (NESN): Ендігі жерде Қазақстанда біртүрлі лига бар екенін біліп жүретін болдық. Ойын суға толы алаңда өткен, қажет десеңіз оны дәлелдейтін видео бар. Қысқаша клипте ойыншының су басқан алаңда бұрыштама добын қалай тепкені көрсетіледі. Қолайсыз жағдайға байланысты ойыншы бұрыштама добын қолмен орын­дайды. Алайда, төреші аяқпен дұрыстап те­буді бұйырған. 

The Telegraph: «Ешкім ойынның кейінгі шегерілгенін қаламайды. Бірақ бұрышта су айдап жатқан жүк көлігіне қарап-ақ, ойынды кейінге қалдыруға болатыны белгілі. «Боратқа» енбей қалған, бірақ шындықты бейнелейтін видеодан төреші белгілеген бұрыштама добын су басқан алаңда қолмен емес, аяқпен орындағанын көресің».

Қалай десек те, шетелдіктер кезінде Қазақстан футболына есі кеткенше күлді. Содан бері 14 жыл өтсе де жағдай әлі өзгер­мепті. Өкінішті-ақ...