Туғанынан тағдырдың тауқыметін тартып, әртүрлі дерттің тырнағына ілініп жататындар жоқ емес. Қоғамда «мүмкіндігі шектеулі» деп аталатын бұл жандарға, әсіресе, балаларға жағдай жасау – міндет. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұйымдастырылған «Игі істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында Жаңаөзен қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Балақай» оңалту орталығы пайдалануға берілді.
Мекеменің ашылуына «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев, «Өзенмұнайгаз» АҚ Бас директоры Есен Өтеев, Samruk-Kazyna Trust қорының өкілдері, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары қатысты.
Орталық кешенді оңалту қызметін көрсетеді. Оған 9 қызмет кіреді: емдік дене шынықтыру, гидротерапия, физиотерапия, массаж, иппотерапия, сондай-ақ психологиялық-педагогикалық түзету және басқалар. Заманауи қондырғылармен қамтамасыз етілген оңалту орталығында сәулелі терапия, магнит, ультрадыбыстық аппарат түрлерімен қамтылған 11 арнайы кабинет бар.
Орталықты құру өткен жылы «Мұнайшы қамқоры» қоғамдық қоры мен Samruk-Kazynа Trust дамыту қоры арасындағы қайырымдылық жасау бағытында қол қойылған екіжақты келісімшарт негізінде жүзеге асырылды. Оңалту орталығын құрал-жабдықпен қамтып, білікті мамандарды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік туды. Жаңа мекемеге Жаңаөзен қаласының 15 білікті маманы жұмысқа орналастырылды.
Жобаның бастамашысы – «Мұнайшы қамқоры» ҚҚ, ал оның құрылтайшылары – «Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкерлері. Жобаны жүзеге асыру аясында компания Р.Өтесінов атындағы дене шынықтыру-сауықтыру орталығының базасынан орын бөліп, жөндеу жұмыстарын жүргізді. Айта кету керек, орталықтың әкімшілік шығындарын өтеудің жыл сайынғы бюджеті жоба әкімшісі «Өзенмұнайгаз» АҚ мен оның 9 мыңнан астам жұмыскерінің ерікті жарналарының есебінен құралатын болады.
«Орталық жылына церебралды сал ауруы, аутистік спектрдің бұзылуы, психикалық дамудың тежелуі, гемипарез, нейро-ортопедиялық аурулар және басқа да ерекшеліктері бар 600-ге жуық баланы тегін қабылдайтын болады», дейді «Мұнайшы қамқоры» ҚҚ өкілі Келдібай Санзыбаев.
Ал Samruk-Kazyna Trust қорының ресми өкілі – Корпоративтік қызметтің басшысы Мирас Іргебаев: Samruk-Kazyna Trust қоры да бұл жобаны қолдап, қажетті жабдықтарды, оның ішінде жүру дағдыларын қалпына келтіру үшін Mercury Med оңалту кешенін, баланс патологиясын диагностикалауға арналған «Биокинект» кешенін, эрготерапияға арналған тренажерлерді, магниттік және физиотерапияға арналған аппараттарды, барлығы 40 млн теңгеге 25 жабдықты сатып алды», деді.
Жергілікті тұрғындарға, әсіресе денсаулығында ақауы бар балаларға енді Нұр-Сұлтан қаласына өзге де алыс қалаларға қатынамай-ақ, Жаңаөзендегі орталықта ем-дом алуға мүмкіндік туды.
– Баламның 3 жасында бойында аутизм бар екенін білдік. Талай жерге апарып көрсеттім. Тиісті ем-дом жасайтын орталықтың өз аумағымызда болғаны, әрине, жақсы. Енді осы жерге келіп қаралатын боламыз. Пайдасы болатынына сенемін, – дейді Фариза Шортанова.
Ал екі жасар Бердіғали Алтынбектің анасы Биялай Дүрісбаева:
– Біздің қаламызда осындай заманауи оңалту орталығы пайда болғанына өте қуаныштымын. Менің ұлымның церебральды сал ауруы бар және бізге үнемі оңалтудан өтіп отыру қажет. Мұнда бізге көмектесе алатын білікті мамандар, жаңа жабдықтар, тренажерлер бар. Ата-аналар атынан осы орталықты ашуға көмектескендердің барлығына алғыс айтамын, – деді.
Қазіргі таңда Жаңаөзен қаласында психоневрологиялық ауытқуы бар, тірек қимыл аппараты бұзылған, сал ауруымен ауыратын 1032 бала тіркелген. Жаңа орталық балалардың игілігіне қызмет етіп, денсаулықтарының қалыпқа келуіне сеп болып жатса, құба-құп.
Маңғыстау облысы