• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Наурыз, 2021

Тұтынушылар құқығын қорғаушылар марапатталды

322 рет
көрсетілді

Тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдағы өзекті мәселелер қатарында. 2020 жылы 30 мыңға жуық азамат Сауда және интеграция министрлігіне шағым жолдаған. Шағымдарға дер кезінде көңіл бөлудің нәтижесінде 249 млн теңге қазақстандықтарға кері қайтарылған. Ведомство дүниежүзілік тұтынушылар құқығын қорғау күні аясында осы салада елеулі еңбек етіп жүрген белсенділерді марапаттады.

Сауда және интеграция вице-министрі Ержан Қазанбаевтың айтуын­ша, бұл бағытта мемлекет пен үкі­меттік емес ұйымдар тізе қосып жұмыс істегенде ғана кедергілерді еңсеріп, жетістікке қол жеткізеді.

– Елімізде осы тарапта 50-ден астам қоғамдық бірлестік жұмыс істейді. Олар тұтынушылық құқықтарды қорғау деңгейін арттыруға ықпал етеді. Биыл ақпан айында министрлік пен «Қазақстан тұтынушыларының республикалық қауымдастығы» бірлестігі арасында өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылған. 20 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан қоғамдық бірлестік басшыларының қолдауынан үміттенеміз, – деді вице-министр.

Іс-шара аясында тұтынушылар құқығын қорғау саласында аянбай еңбек етіп, осы саланы дамытуға үлес қосқаны үшін «Тұтынушылар лигасы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Баян Ахметжанова, тұтынушылардың құқықтарын қорғау коалициясының төрағасы Мұрат Әбенов, «Әділет» қоғам­дық бірлестігі төрағасының орынбасары Тұрсын Жағыпарова, «Атакент – Адам» қоғамдық бірлестігінің басшысы Сергей Федосеев, «Сапа» қоғамдық бір­лес­тігінің төрағасы Әлікақпар Мәтішев және «Сатыбалды» қоғамдық бір­лес­тігінің төрағасы Серік Момышев ма­ра­патталды.

Тұрсын Жағыпарованың айтуынша, бұл салада әлі шешімін таппай тұрған мәселе көп.

– Тәуелсіздік алған 30 жылда бұл салада үлкен нәтижеге жете алмадық. 2016 жылы заңға енгізген өзгеріс бо­йынша тұтынушылар құқығын қорғап жүргендерге демеушілік жасалмайды. Бұл бір жағынан дұрыс шығар. Кейбір үкіметтік емес ұйымдар кәсіпкермен бірлесіп кетіп, тұтынушылардың құқығы қор­ғалмай қалуы да мүмкін. Бірақ кез келген іс алға жылжу үшін қаржы­лан­дыру болуы қажет. Онсыз шаруа шешілмейді. Сондықтан осы мәселені көтеріп, қоғамдық бірлестіктер мен министрлік көп түйткілді талқылауы қажет. Содан соң бірыңғай ақпараттық жүйе де дұрыс жұмыс істеп тұрған жоқ. Қазір тұтынушылар проблемасын шешетін жалғыз орган – министрлік және соның ішіндегі комитет. Енді жергілікті атқарушы органдар үшін де ыңғайлы жүйе жасап, жұмыс ауқымын арттырған жөн, – дейді «Әділет» бірлестігінің өкілі.

Жиын қорытындысы бойынша ми­нистрлік пен қоғамдық бірлестік өкіл­дері ай сайын бір мәрте басқосу ұйым­дастырып, тұтынушылар құқығын қорғау саласындағы өзекті тақырыптарды талқылап, соның нәтижесі бойынша ортақ шешім қабылдап тұруға уағдаласты.