Апта басында ел Үкіметі баға мәселесіне тағы бір қайырылды. Тиісті ведомстволарға баға белгілеу тізбегін егжей-тегжей зерделеу тапсырылды. Соңғы рет бағаның өсуі 2016 жылы байқалды. Оған теңге бағамының стрестік девальвациясы мен мұнайдың төмен бағасы әсер еткен болатын. Тұрақты теңге бағаны неге тұрақтандыра алмайды деген сауал қылаң береді. Яғни еліміздің нарықтың осы сегментіндегі позициясы әлсіз. Азық-түлік өнімдерін тұрақтандыру қорларының тиімсіздігі де байқала бастады.
Жалпы, баға өсімі қалыпты синдромға айналды. Бірі ет тұтынуды шектесе, енді бірі жеміс-жидектен бас тартуға мәжбүр болды. Қысқасы, тапқан-таянғанын тамаққа ғана жеткізіп, жан бағып жүргендер көп. Сарапшылар халық табысының 70 пайызы азық-түлікке жұмсалатынын айта бастады. Фридрих Энгельс ескерткендей, «Халықтың тұрмыс деңгейі төмендеген сайын азық-түлік шығындары, табыс деңгейі артқан сайын демалыс шығындары артадының» кері келіп тұр. Әрине демалыс шығындарына бас қатырудың ауылы әзірге бізден алыс.
Ішкі баға сыртқы факторға тәуелді
Сарапшылар осыған дейін қымбат мұнай мен қымбат теңге бағаға неге әсер етпейді деген сұраққа сан түрлі жауап беріп келген болатын. Былтырдан бастап ішкі нарықтағы жағдай, оның ішінде бағаға әсер ететін фактордың бәрі импортқа тәуелді екені, тіпті инфляцияның өзі импортқа тәуелді екені белгілі болып қалды. Үкіметтің экономикалық блогының бағаны тұрақтандырмақ болған әрекетін ішкі нарық оң қабақпен қабылдаған жоқ.
Фермерлер одағы төрағасының орынбасары Ермек Әбуов өнімнің бағасы бір жыл ішінде 11,3%-ға өскеніне назар аударды. Әлеуметтік маңызы бар тізімдегі сегіз тауар 10-30%-ға қымбаттады. «Өсімге алғашқы өңдеу, сақтау және жеткізуді қамтамасыз ететін жүйенің болмауы себеп болды. Фермерлер ішкі нарықты толық қанағаттандыра алатын сапалы әрі арзан өнім шығаруды үйренді. Алайда өнімдерді делдалдарсыз өткізу мәселесі әлі шешілген жоқ. Көптеген өндіруші облыс және аудан орталықтарынан алыс орналасқан. Инфрақұрылым жоқ. Сондықтан тауарларды арзан бағамен сатып алып, қымбат бағаға сататын делдалдар келді», деді ол.
Оның айтуынша, сатушылар мен өндірушілер тізбегінен құтылу үшін тауарларды тікелей көтерме сату орталықтарына сату мақсатында фермерлермен байланыс орнату керек. Орталық уәкілетті орган өнімді тұтыну әсеріне сапалы талдау жүргізбейтінін, өнімді сату үшін субсидия алған компаниялар арасындағы нарық заңына қайшы бәсекелестік факторын қаперге алмай болмайды. «Біз бюджеттік қаражатты ауылшаруашылық тауар өндірушілерінен форвардтық сатып алуларға бағыттау қажет деп санаймыз. Сондай-ақ ұзақ мерзімді несиелер бөлу қажет. Өйткені көптеген фермер әлі күнге дейін жеңілдетілген несиелер мен субсидияларға қол жеткізе алмай келеді», деді Е.Әбуов.
Сенатор Ақылбек Күрішбаев Парламентте пандемия және экономикалық дағдарыстың салдарынан елдегі өмір сүру деңгейі төмендегенін, отбасылық табыстың негізгі бөлігі азық-түлік алуға кететінін, азаматтарымыз үшін азық-түлік бағасын мемлекеттік реттеу, оның маусымдық қымбаттауын төмендету мәселесі күн тәртібінде тұрғанын айтты. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, бұл мақсатқа бюджеттен 30 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. «Алғашында, бағаны тұрақты ұстап тұру үшін өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар ауылшаруашылық өнімдерін тікелей отандық тауар өндірушілерден қажетті көлемде сатып алып, оның сақталуын қамтамасыз етіп, азық-түлікке баға көтерілген кезеңде нарыққа сатуға шығарып отырды. Қазір кейбір облыстар, әсіресе ірі қалалар сауда субъектілеріне пайызы өте төмен (0,01%) несие беруге көше бастады. Ал сауда орталықтары өз кезегінде кейбір тауарларды белгілі бір уақыт аралығында бекітілген бағамен сатуға ғана міндеттеледі. Нақ осы тұста басын ашып алатын сауалдар көп», дейді сенатор. Сондай-ақ сауда орталықтарын таңдау қағидасы түсініксіз болып отырғаны да назардан тыс қалмады. «Азық-түлік тауарлары бағасының елеулі құбылуы кезінде оның ең төменгі шегін алдын ала болжау өте қиын. Өйткені ауылшаруашылық өнімдерінің бағасы маусым бойынша ғана емес, әр жылда өзгеріп отырады. Ауа райы қолайлы жылдары фермерлік бағалар әдетте, төмендейді. Оған қоса, азық-түлік тауарларының ағымдағы бағаларын анықтайтын мониторинг жүйесінің де біраз дәлсіздіктері бар. Сондықтан бұл жобада сауда орталықтары үшін алдын ала белгіленген бағалардың дұрыстығы күмән тудырады», дейді А.Күрішбаев. Сондай-ақ тұрақтандыру қорында азық-түліктің көптеген түрінің көлемі ең төменгі тұтыну нормаларының 1-7 пайызынан аспайды. «Мұндай жағдаймен нарықты тиімді реттеу мүмкін емес. Сондай-ақ бұл схемада сауда орталықтары тек отандық ауылшаруашылық тауарларын алуға міндеттелмеген. Басқаша айтқанда, қазақстандық фермерлер өз өнімдерін өткізе алмай жүргенде, бюджет қаражаты шетелдік өндірушілерді қаржыландыруға жұмсалуда», дейді сенатор. Сонымен бірге ол тұрақтандыру қорының бағаны реттеуге, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға деген пәрменділігі де күмән келтіретінін, онда сыбайлас жемқорлық көріністері басым екенін жасырмады. Бағаны реттеу жөніндегі мемлекеттік шаралар барлық тұрғындарға пайдалы болуы үшін, осы қорға сатып алынатын азық-түлік тауарларының көлемін ұлғайту маңызды. Егер аталған мақсатқа бюджет қаражатын көбейту мүмкіндігі болмаса, тікелей аз қамтылған отбасылар санатын қолдауға көшкен дұрыс. Азық-түлік тауарларын сатып алу және оны сақтау, тасымалдау, өткізу жөніндегі қызметтерді фьючерстік келісімшартпен конкурстық негізде тек отандық тауар өндірушілермен жасау қажеттігін ескерткен А.Күрішбаев бұл мақсаттарға ұзақ және жеңілдетілген бюджеттік несиелерді қарастыру тиімді екенін, мұндай тәсіл бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттырып қана қоймай, бірінші кезекте, мұқтаж халықтың нақты топтарын атаулы түрде қолдауға мүмкіндік беретінін айтты.
Монополияны шектеген абзал
Ал сарапшы Денис Кривошеев дәл қазір бағаны қолдан тұрақтандыру мүмкін емес, бұл бейнелеп айтқанда, қаржыны бір қалтадан алып, екінші қалтаға салумен бірдей екенін айтады. Себебі елдегі азық-түлік бағасы ырықтан шығып кетті. Барлық кілтипан Ұлттық банктің қолында тұр. Қазақстандағы инфляциялық таргеттеу саясаты бағаның өсіміне жол беріп отырғанын алға тартқан сарапшы қайта қаржыландырудың жоғары мөлшерлемесі қымбатшылыққа итермелеп отырғанын жеткізді. Себебі теңге түрінде салынған инвестициялардан түскен кірістің тәуекелі жоғары. Жоғары пайызбен несие алған бизнес бірінші кезекте айналымдағы қаржыны несиесін жабуға жұмсайды. Демек, бұл жерде экономикаға қаржы салу екінші кезектегі жоспар болып қала береді. Тағы бір фактор – азық-түлік нарығы импортқа тәуелді. Баға доллармен есептеген кезде өзгерген жоқ, себебі импортты тек доллармен ғана есептеседі. Бұл қазақстандықтардың төлем қабілетін нашарлатып жіберді. ІЖӨ деңгейі және қазақстандықтардың төлем қабілетінің артуымен ғана долларға деген тәуелділік деңгейін төмендете аламыз.
Сарапшылар елдегі азық-түлік нарығында ұсыныстың көп болмауы да бағаның қымбат болуына себеп деген уәжді алға тартады. Бірақ дүкен сөрелері азық-түліктің түр-түріне толып тұр. Нарықтағы тым биік тосқауылдардың салдарынан баға жасанды түрде өсуде. Өйткені базарлар монополияландырылған, кейбір тауар өндірушілердің жолын ашып, өнімін өткізуге басымдық берілетіні де жасырын емес. Сарапшы Бейсенбек Зиябековтің айтқанына ден қойсақ, осы проблемаларды шешуде көптеген мәселе жабық күйінде қалуда. Құрылымдық реформалар баяу жылжиды. Айналып келгенде өнім өндіру дамымай жатыр. Қарапайым адамды толғандыратын баға екенін айтқан сарапшы азық-түліктік емес тауарлардың басым бөлігі импорт есебінен қамтамасыз етілетінін ескертті. Үкімет оның бағасын негізінен ұлттық валюта бағамын нығайту арқылы төмендете алады. Ұсыныс төмен, бәсеке жоқ, оны жолға қоюға белгілі бір мүдделі топтар жол бермейтін болса, халық бар тапқан-таянғанын тек тақұл-тұқыл тамақтану мен киім-кешекке жеткізгенін місе тұтып жүре бермейтіні белгілі. Мұның алдын алудың бірден-бір жолы – азық-түліктік өнім өндіретін отандық үлесті өсіріп, ұлттық валюта бағамының тұрақтылығын қамтамасыз етуге қол жеткізу.
Негізгі серіктес елдер валютасына шаққанда да теңгеміздің тұрақты бағамы болуы тиіс. Сондай-ақ табиғи монополистер тарифінің өсуін шектеу де біраз жайтты реттейді. Инфляцияны ауыздықтау үшін жасалуы тиіс шараларды дұрыс жолға қою керектігі сарапшылар тарапынан кеше-бүгін ғана айтылып жүрген жоқ. Экономистер 2021 жылы Қазақстанда табыстың номиналды өсуі сақталатыны, бірқатар сала маманының жалақысы көтерілетіні азық-түлік, коммуналдық қызмет және отын түрлерінің бағасы шарықтайтынына себеп болатынын, кедейліктің бұдан әрі өсуіне және теңсіздіктің күшеюіне соқтыратынын ескертіп жатыр.
Яғни халыққа аса жайсыз тиетін жағдайдың алдын алу үшін мемлекет нақты шаралар қабылдауы керек. «Монополияға қарсы саясатты мықтап ұстану керек. Саудагерлер мен тауар өндірушілердің сөз байласуымен күресіп, монополияға қарсы органдар бағаны тұрақтандыруды мықтап қолға алмаса, халықтың жағдайы оңалмайды», дейді Б.Зиябеков.
АЛМАТЫ